Қазақстан Республикасы әлемдік аренада

2017 жыл іргесі берік Қазақстан үшін жетістіктерге толы болды. Еліміз бір жыл ішінде әлем мемлекеттеріне зор әлеутетін мойындата білді. Мемлекетіміз антиядролық қозғалыстың көшбасшысы, жаһандық бітімгер, халықаралық терроризмге қарсы күрестегі негізгі ойыншы ретінде танымал. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде белсенді қызмет атқарып, үш Комитетке басшылық етті. Еске сала кетейік, Қазақстан тарихта алғаш рет Орталық Азия елдерінен суырылып шығып, биыл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Келер жылдың қаңтарынан бастап еліміз аталған беделді органға төрағалық етеді.

МИРОСЛАВ ЕНЧА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КӨМЕКШІСІ:

 - Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге атсалысып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Алдағы жылдың қаңтарынан бастап Қауіпсізідік кеңесіне төрағалық етеді. Бұл өте жауапты міндет. Қазақстанның басқаруымен жер бетіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатысты талай тақырып талқыланады. Сондай-ақ, Орталық Азия, Ауғанстан, Таяу Шығыс және қарусыздану мәселелеріне қатысты арнайы отырыстар өткізу жоспарланған.

Астанада өткен Сирия жайлы келіссөздер Қазақстанның беделін одан сайын арттыра түсті. Женевамен қатар, еліміздің ордасы диалог алаңы ретінде таңдалды. Мұнда жаһанды алаңдатқан күрмеулі мәселені бейбіт жолмен шешетін келіссөздер нақты нәтижелерге алып келді, соның бірі – қауіпсіз аймақтардың құрылуы. Астанада процесінің арқасында алғаш рет Сирия және Ресей, Иран, Түркия сынды бітімгер елдер келіп ортақ мәмілеге келе алды.

АККАН СУВЕР, «MARMARA GRUBU» СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Астана процесі өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындап шықты. Ол қандай міндеттер еді? Алғашқы қадам қақтығысқа қатысушы топтардың басын қосып, келіссөзге көндіру болатын. Бұл оңай шаруа емес еді. Жыл басында өткен Астанадағы алғашқы отырыс әлі есімізде. Бірақ мәселе майданда емес, үстел басында шешілуі тиіс. Тараптар оны жақсы түсінді. Нәтижесінде қазір Сириядағы жағдай біршама тұрақталды деп айтуға негіз бар.

ФЕДЕРИКА МОГЕРИНИ, ЕУРОПА ОДАҒЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ МӘРТЕБЕЛІ ӨКІЛІ:

 - Женева процесі және Қазақстан Астанасында өтіп жатқан жиындар, соның ішінде қақтығыс аймағындағы халыққа гуманитарлық көмек көрсету, Сириядағы жағдайды тұрақтандыру бағытындағы әрекеттер әлем қауымдастығын аталған күрмеулі мәселені шешу үшін жұмылуға жағдай жасап, нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашты.

Аяқталып қалған жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – Үлбі металлургиялық зауытының базасына МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің ашылуы. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация мен атомды әскери мақсатта пайдалануға толықтай тыйым салуды әлем елдері қолдап отыр.

ДЖАЯНАТА ДАНАПАЛА, ПАГУОШ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Ядролық қарудың адамзатқа қаншалықты қауіпті екеніне өз көзімізбен көрдік. Қазақстан оның қайғы-қасіретін көрген мемлекет. Ондай қаралы оқиғалар жер бетінде болашақта болмайды деп сенеміз.

Тағы бір елеулі оқиға - Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технология жөніндегі алғашқы саммиті. Астанада 15 мемлекеттің үкімет басшылары мен 80-нен астам шетелдік делегация жиналды. Қатысушылар ислам елдері ғалымдарының бірыңғай ақпараттық базасын құру туралы шешім қабылдады. Бұл ғылым көкжиегіне бойлаған қызметкерлерге шетелдік әріптестерімен еркін тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2026 жылға дейінгі ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту бағдарламасы қабылданды.

ЮСЕФ БЕН АХМАД ӘЛ-ОСЕЙМИН, ИСЛАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Саммитті жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне айтар алғысым шексіз. Алқалы жиынның тарихи маңызы зор. Бұл құрылтай Ислам елдері алдында тұрған қазіргі мәселелерді бірлесе шешуге септігін тигізеді.

2017 жылы өткен аталмыш оқиғалар Қазақстанның оң имиджін нығайта түсіп, әлемнің саяси картасындағы орнын айқындап, әлем алдындағы мәртебесін арттыра түсті.