Қазақстан Азия мемлекеттерімен сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға мүдделі. Биылдың өзінде тараптар арасындағы сауда-саттық 23 пайызға ұлғайып, 13,3 миллиард долларды көрсетіп отыр.  Қазақстан мен Моңғолияны жалғайтын көлік дәлізінің салынуы сауда көлемін еселей түсері анық.  Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша дәліз  Ресей және Қытай арқылы салынады. Ал Баян-Өлгей аймағында еліміздің консулдығын ашу  келер жылға белгіленген.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Моңғолияда ең үлкен қазақ диаспорасының болғанына байланысты бұл ел сыртқы саясатта маңызды орын алады. Екіжақты қарым-қатынаста басымдыққа ие мәселелердің бірі ол Баян-Өлгей аймағында консулдықты ашу, Қытай мен Ресей аймағы арқылы өтетін автокөлік жолының құрылысы болып табылады.

Қазақстандықтар келер жылдан бастап Біріккен Араб Әмірліктері мен Таиландқа визасыз қатынауы мүмкін. Қазір елдер арасында тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде аталмыш мемлекеттермен туристік әрі іскерлік байланыс арта түспек. Алдымен, Араб әмірліктері тиісті құжатқа қол қояды деп күтіліп отыр. Қазір Азия аймағымен қоса Еуроодақпен де келіссөздер жүргізіліп жатыр.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Еуропалық одақ бұл мәселеге орай оң шешім қабылдау туралы қадамдар жасап жатқан сияқты. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ, Еуропалық одақ осы мәселені талқылай бастады.

Азия мемлекеттерінің ішінде еліміздің Қытаймен қарым-қатынасы қарқынды дамыған.Себебі, Қытай алып әрі қуатты нарық, оның үстіне ресми Бейжің соңғы 10 жылда Қазақстанға 14 млрд доллардан астам инвестиция салған. Қазақстан Қытаймен әскери техника бойынша сауда-саттықты  жалғастыруда.

ТАЛҒАТ МҰХТАРОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытай тарапы Қазақстанға 100 миллион юаньнен астам сомаға техникалық көмек көрсетті. Содан басқа, біз бұл елден қару-жарақ сатып алып жатырмыз. Атап айқанда, ұшқышсыз ұшатын аппараттарын алғанбыз, сондай-ақ әскери көліктік ұшақтарын алу шаралары жүргізілуде.

Қазіргі таңда  Азия  мемлекеттерінің жаһандық экономикадағы үлесі 34 пайызға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 42 пайыздан асады деген есеп бар. 4 млрдтан астам халқы бар нарықпен тиімді байланыс орнату алдағы 5-10 жылда өз жемісін беруі тиіс. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер