Индонезиялық миссияның жетекшілері Қазақстанның тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеп жатыр

Индонезиялық миссияның жетекшілері Қазақстанның тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Олар еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын нәтижелі деп санайды екен. Индонезия 2019-2020 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға өз кандидатурасын  ұсынып отыр және басқа мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенеді.

ДИАН ТРИАНШАХ ДЖАНИ, ИНДОНЕЗИЯНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Индонезия мен Қазақстан ниеттес бауырлар және мүддесі ортақ достар. БҰҰ-ы аясында қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Біздің вице-президентіміз Қазақстанға Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне барды. Екіжақты қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде маңызды рөл атқарады.

Бірқатар елдер еліміздің саяси салмағы мен беделін жоғары бағалап, халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуді сеніп тапсырады. Осы бағытта неміс сарапшысы Гюнтер Кнабе Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның мәртебесі жыл өткен сайын артып келе жатқанынн баса айтты.  

ГЮНТЕР КНАБЕ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ БОЙЫНША САРАПШЫ:

 - Қазақстан аз уақыт ішінде керемет жетістіктерге жетті. Қазір ол Орталық Азиядағы басты ел, әрі Еуропа мен Азия арасындағы көпір. Мен бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі дер едім. Ол Қазақстанды тұрақты әрі бай-қуатты елге айналдырды. Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Халықаралық қауымдастық бұл шешімді өте жоғары бағалап, өзге елдер үшін үлгі тұтады. Қазақстан келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етеді. Бұл қазақ елінің халықаралық саясаттағы тағы бір зор жетістігі.