Қазақстандық және ресейлік ғалымдар 18-19 ғасырларға тән ескерткіштерді бірлесіп зерттемек

Қазақстандық және ресейлік ғалымдар шекаралық аймақтардағы 18-19-шы ғасырларға тән ескерткіштерді, құлпытастарды бірлесіп зерттемек. Ондай нысандар қатарында Орынбор өлкесінде жерленген Шыңғыс ханның ұрпақтары, Әбілхайыр ханның жұбайы Бопай ханымның қорымы бар. Аталмыш тарихи жерлерге экспедиция жүргізу мәселесі Оралда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған халықаралық конференцияда айтылды.

МҰРАТ СДЫҚОВ, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Орынбор өлкесіне қарасты, сол аймақтағы қорғандар мен құлпытастарды зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Нұралы ханның ұрпақтарына қатысты бірнеше қорым мен құлпытастар табылды. Ұлы Дала институтымен бірлесіп ортағасырлық карталарда көрсетілген Шақашық қаласын іздестірдік. Қазба жұмыстары Шақашық қазіргі Жайық қалашығы екенін дәлелдеді.

Екі жақты кездесуде мамандар мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқыға салды. Конференция аясындағы ғылыми материалдар келешекте Ресей және Қазақстан  ғалымдарының бірлескен жобасы саналатын «Еуразия тоғысы» атты жинаққа енгізілмек. Сонымен қатар, бірлескен экспедициялық жоба «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.

ВЕНАЛИЙ АМЕЛИН, ОРЫНБОР МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОГРАФИЯ ҒЗИ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мәдени мұра ұғымының мағынасы өте тереңде жатыр. Ол тарих пен археология және барша ескерткіштердің тиісті деңгейде зерттелуіне жол ашады. Сондықтан, бұл саладағы түйткілді мәселелер тек билікті ғана емес, азаматтық қоғам институттары мен ғалымдарды да ойландыруы тиіс.