Бейжіңде Қазақстанның виза орталығы ашылды. Мұндай мекеме бұрын соңды қазақ дипломатиясының тарихында болмаған. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, виза беру ісі бәсекелестік ортаға берілді. Енді аспан асты елі туристері мен кәсіпкерлері Қазақстанға келу рұқсатын жеңілдетілген тәртіпте, елшілікке келмей-ақ, бар-жоғы 3-5 жүмыс күннің аралығында рәсімдейді. Айта кетейік, виза орталығының негізгі қызметі баршаға танымал, халықаралық «TLScontact» компаниясына берілген болатын. Оның әлемнің түкпір-түкпірінде осындай орталықтары бар. Ал, Қытайда Германия, Швейцария, Франция, Венгрия, Кипрға визалық қызмет көрсетеді.   

ВЭЙ ХУНТАО, ҚХР ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Биыл екі ел көшбасшыларының шешіміне сәйкес «Қазақстандағы Қытайдың туризм жылының» өткізілгені белгілі. Қос мемлекет арасындағы туристік сапар 500 мың адамға дейін ұлғайды. Енді олардың саны көбейе түспек. Қазақстан Үкіметі виза рәсімдеудің үрдістерін жеңілдету мен жетілдіру бойынша қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр.

Виза орталығына тек әкімшілік-техникалық қызметтер жүктелген. Бұл –құжаттарды қабылдау және тексеру, визалық анкетаны толтыру, консулдық төлем жинау, ақпараттық кеңес беру және дайын құжаттарды тапсыру қызметтері. Ал, визаны беру жөніндегі шешімді Қазақстанның Қытайдағы елшілігі қабылдайды. 

АРДАҚ МӘДИЕВ, ҚР СІМ КОНСУЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Осыдан екі жыл бұрын 2015 жылы біз Қытаймен екі келісімге қол қойдық. Бірінші бағыт туристік әлеуетті арттырып, Қазақстанға Қытайдан туристерді көптеп тарту болатын. Ал екінші келісім, іскерлік бағытта Қазақстанға сапар шеккен қытайлық азаматтар үшін виза беру тәсілін жеңілдетуге қатысты. Бұл виза беру орталығы заман талаптары мен стандарттарын қанағаттандырады және виза рәсімдеу ісін неғұрлым жеңілдетеді.   

Қазір елімізде Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерінің транспорт, логистика, индустрия мен инновация бағыттарында бірлескен 50 жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер