Астана процесі: Шетелдік сарапшылар пікірі

Қазақстан әлем елдері арасында  бітімгер-мемлекет ретінде орнығып келеді. Оған дәлел Астана процесінің  табыстары. Қазақ елінің дипломатиясы мен саяси басшылығы бүкіл тарапқа шиеленісті тоқтатуда нақты нәтиже берген келіссөз алаңын ұсынды. Астана келіссөз процесінің маңызы мен нәтижесі туралы еуропалық саясаткерлер мен кәсіпкерлер осылай деп пікір білдірді.

ФРИДБЕРТ ПФЛЮГЕР, КӘСІПКЕР /ГФР/:

 - Президент  Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның аймақтық көшбасшылығын жыл санап әлем елдері мойындап келеді. Қазақстан Орталық Азияда бірлік пен тұрақтылықты қолдайтын ел екенін көрсете білді. Сириядағы дағдарысты реттеу жолында бірегей алаң ұсынғанын да білеміз. Қазақстан мен сіздердің елдеріңіздің Президенті болашақта да осындай түйіткілді мәселелердің түйінін тарқату жолында ерекше  рөл атқаратынына сенеміз.

АНДРЕЙ МАМЫКИН, ЕУРОПА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Менің ойымша, тығырыққа тірелген  Женева келіссөздерінен гөрі Астана процесі әлдеқайда тиімді.  Бұл, әрине, Қазақстанның халықаралық саясаттағы беделін айқындай түседі. Себебі Қазақстанға  бітімгер ретінде өзара жауласқан тараптар алаңсыз  сенім білдіріп отыр.

Астана процесінің жемістілігін БҰҰ Бас хатшысының  Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура  да атап айтты.  Сирия оппозициясы мен үкіметі  тұтқындарды айырбастау мен миналардан арылту мәселелерінде ортақ байламға келген. Елдегі ахуалды  тұрақтандыру, гуманитарлық жағдайды жақсарту бойынша кепіл елдердің бірлескен мәлімдемесі жасалды. Келесі  жылғы ақпанның екінші жартысына  белгіленген Астана процесінің тоғызыншы раундында  Сирия конституциясын дайындау мен ондағы сайлауды ұйымдастыру басты назарға алынады.