Қырғыз елінің Президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстанға ресми сапармен келді

Қырғыз елінің Президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстанға ресми сапармен келді

Қазақ-қырғыз серіктестігі жаңа кезеңге аяқ басты. Қырғыз елінің Президенті Сооронбай Жээнбековтің Қазақстанға ресми сапары Астана мен Бішкек қатынасын қайта жандандырмақ. Нұрсұлтан Назарбаев арнайы шақырылған мейманды үлкен ықыласпен қарсы алды. Шағын құрамда өткен келіссөздер барысында көшбасшылар әуелі екі ел ынтымағын сөз етті. Аймақтық, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталып, екі жақ интеграциялық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты талқылады. Тараптар серіктестікті тереңдетуге мүдделі. 1 ай бұрын қырғыз басшысының ұсынысымен  екі жақ үкіметтік топ құрып, жол қартасын әзірледі. Нәтижесінде шекара ашылып, екі жақ еркін қатынай бастады. Бұл жолғы келіссөздер барысында көшбасшылар саяси ықпалдастық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікке ерекше назар аударды. Қазақстан Қырғыз елінің жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Былтыр сауда-саттық 600 млн долларға жуықтаған. Сөйтіп, қазақ елінің қырғыз саудасындағы үлесі 16 пайызды құрап, Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші ірі серіктесі атанды. Айта кету керек, осы жылдың 10 айында да өсім жақсы. Алдыңғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда алыс-беріс 13 пайызға артып отыр.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз сізбен кездескеніміз үшін қуаныштымыз.  Қазақстан Сіз және Қырғыз елі делегация көтерген мәселелердің барлығын қарауға әзір. Қос елдің дербес мемлекет құрғанына 26 жыл болды. Сондықтан әр буын екі елдің достық, бауырластық  сынды қасиетін  келесі ұрпаққа аманат етуі абзал. 

СООРОНБАЙ ЖЭЭНБЕКОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге зор алғысымды білдіремін.  Алдымен Қазақстанға ресми сапармен  шақырғаныңыз үшін рахмет. Астанаға келе сала қонақжай пейілдеріңізді сезіндік.  Екіншіден президент ретінде сайланғаннан кейінгі маған білдірген қолдауыңызға рахмет айтам. Екі ел арасындағы дипломатиялық  қарым- қатынасқа 25 жыл толып отыр. Қос бауырлас ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін мен қолымнан келгеннің барлығын жасаймын.

Осы күнге дейін екі ел арасында 150-ден астам құжат бекіген. Мәңгілік достық туралы келісім негізгісі. Бұл құжаттардың қатары толыға түсті. Сапар аясында екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданып, қос ел үкіметі арасында шекара тәртібіне қатысты келісімге қол қойылды.