Өнеркәсіпті цифрландыру мен «Индустрия 4.0» бағдарламасы - Берлиндік Еуразия клубының басты тақырыбы болды

Өнеркәсіпті  цифрландыру мен «Индустрия 4.0» бағдарламасы Германия астанасында өткен Берлиндік Еуразия клубының 22-ші отырысының басты тақырыбы болды.  Аталған мәселені  талқылаған  қазақ-неміс сарапшылары  бұл ел дамуының маңызды элементіне айналады деген пікірде. Пікірталас алаңы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған болатын. Жаңа технологияларды дамыту әлемдік экономикада тек жақсы қырынан көрініп келеді. Бұл қазақстандық өнеркәсіптің де дамуын еселеуі тиіс. Тараптар екі ел ынтымақтастығын дамыту мәселелерін де сарапқа салды.

УВЕ БЕКМАЙЕР, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:

 - Бұл маңызды бастамалар және Германия мен Қазақстанның қарым-қатынасын нығайтатын алаң. Цифрландыру мен стандарттау саласында  үлкен әлеуетіміз бар деп есептеймін. Сол себепті осы үрдісте Қазақстанды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.

ҚАЙРАТ КӘРІБЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТАНДАРТТАУ ЖӘНЕ СЕРТИФИКАТТАУ ИНСТИТУТЫ» РМК БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының экономикасы үшін өндірісті автоматтандыру және процестерді цифрландыруға көшіру өте маңызды екенін атап өткен еді. Экономиканың алға қадам басуына міне, осы үдеріс сеп болмақ. Ал, Германиямен серіктестік орнату өте маңызды. Себебі «Индустрия 4.0» бағдарламасын бірінші болып неміс бизнес-қоғамдастығы енгізген еді. Германия бұл бағыт бойынша үздіктердің қатарында.