Біріккен Ұлттар Ұйымында Тәуелсіз Қазақстанның 26 жылда жеткен жетістіктері айтылды

Біріккен Ұлттар Ұйымында Тәуелсіз Қазақстанның 26 жылда жеткен жетістіктері айтылды. Әртүрлі елдің дипломатиялық миссия басшылары, ең алдымен, Қазақстанның әлемдік аренада беделі артқанын сөз етті. Ел Президентінің бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапты. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі Қазақстанның әлемдегі рөлін кеңінен айқындады, дейді саясаткерлер. Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ,ШЫҰ, ТМД және Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сынды халықаралық ұйымдарға мүше. Тәуелсіздік алғаннан бері  Қазақстан әдүние жүзінің 180 мемлекетімен дипломатиялық қарым қатыныс орнатты.

НЕКТОН МХУРА, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ МАЛАВИДІҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Елдеріңіз жаһанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға ұмтылатыны сөзсіз. Сондай-ақ, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Алдағы төрағалығына да табыс тілейміз. Бұл тарихи жетістік, өйткені Қазақстан мұндай жауапты әрі маңызды миссияны бірінші рет орындамақ.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне мүше ретіндегі алғашқы жұмыс жылы аяқталды. Осыған байланысты әлемдік қауымдастық Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча биылғы жылды қорытындылады.

МИРОСЛАВ ЕНЧА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КӨМЕКШІСІ:

 - Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінде 2017-2018 жылдары екі жыл бойы болады. Бұл елдеріңіздің дипломатиялық қатынастарда жеткен жетістігі. Осы аралықта Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге ат салысып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Алдағы жылдың қаңтарынан бастап Қауіпсізідік кеңесіне төрағалық етеді. Бұл өте жауапты міндет. Қазақстанның басқаруымен жер бетіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатысты талай тақырып талқыланады. Сондай-ақ Орталық Азия, Ауғанстан, Таяу Шығыс және қарусыздану мәселелеріне қатысты арнайы отырыстар өткізу жоспарланған.