Қазақстан БҰҰ ҚК-нің Сирияға гуманитарлық көмек беру жөніндегі қарарын тағы бір жылға ұзартуды қолдап дауыс берді

Қазақстан Тәуелсіздік жылдары халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. Бұл - халықаралық сарапшылар мен  саясаттанушылардың пікірі. Олар еліміздің Сирия шиеленісін бейбіт реттеу бағытында атқарған жұмыстарына өте жоғары баға беріп отыр. Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға гуманитарлық көмек беру жөніндегі қарарын тағы бір жылға ұзартуды қолдап дауыс берген болатын. Еліміз бұл шешімі арқылы қақтығыс аумағында  өмір сүріп жатқан  3,5 миллион тұрғынның тағдырына бей-жай қарамайтындығын аңғартты. Сонымен қатар, сарапшылар Астана процесінің кезекті раундының нәтижелілігін атап өтті.

АНДРЕЙ БАКЛИЦКИЙ, «ПИР-ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстан халықаралық қауіпсіздік бағытында дербес ойыншы бола алды. Мысал ретінде, Сирия шиеленісіне байланысты келіссөздер алаңына айналған Астана процесін айтуға болады. Ядролық қарудан бас тарту бастамасы да бар. Шынында, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық ұйымында осындай сенімді серіктесіміз бар болуы қуантады.

Қазақстан  астанасының сириялық дағдарысты тұрақтандыру бойынша  атқарып жатқан жұмыстары ресми Тель-Авивтің де жіті назарында. Израильдік сарапшылар Астана процесін серіктесінің дипломатиялық жетістігі деп қабылдайды.

ЗЕЕВ ХАНИН, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Қазақстан Еуропа мен Азияның тоғысқан жері. Бір жағында ислам мемлекеттері, бірі христиан немесе еврей-христиан өркениеті. Қазақстан серіктестікке мүдделі елдермен, ынтымақтастық орнататын және ел аралық шыншыл бітімгер, келіссөз жүргізетін еркін алаң. Бұл жағдайлар арқылы мемлекет өзіне тиімді тәжірибе жинақтап жүр және оны жалғастыра бермек.