Ақордада Тәуелсіздіктің 26 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына құттықтау сөзін жолдады. «Тәуелсіздік тасадағы талай сөзге теңгерілмейтін, ұлт үшін ұлы ұғым екені ақиқат. Ширек ғасырдан артық уақыттың ішінде  Қазақ елі өсті, өркендеді, көркейді. Және орнықты даму үшін  берік негіз қалады» деді Президент. Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы келешектің инфрақұрылымдық дайындығын қамтамасыз еткен әрі дағдарысқа қарсы шешім болғанын атап өтті. Сондай-ақ  Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктеріне, қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесіне де   тоқталды. Сөз соңында Президент  саяси тұрақтылық, қоғам мен халқымыздың бірлігі үшін жүргізіліп жатқан саясатқа толық қолдау көрсету еліміздің табысты болуының басты кепілі екенін атап өтті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Құрметті, отандастар! Сіздерді еліміздің ең құнды да басты мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақтаныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлейді.

Тәуелсіз Қазақстанға әлемдік деңгейде толық сенім қалыптасты. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуді қабыл алады. Биыл қазақ жерінде  ғана емес бүкіл әлемде тұңғыш рет  Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің (АҚХА)  аз байытылған уран банкі ашылды. Бұл Ядролық қарусыз әлемді қолдаушы Қазақстанға деген жоғары сенімді білдірсе керек. Биыл біздің еліміз Бұкіләлемдік Универсиаданы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының тарихи саммитін, Ислам конференциясы Ұйымының ғылым мен технология жөніндегі бірінші саммитін, сирияаралық бейбіт келісімін абыроймен атқарды.  Астанада «EXPO -2017» халықаралық көрмесі  бар сән-салтанатымен өтті. Бұл оқиға Астананың жаһандық орталық  ретіндегі мәртебесін айқындай түсті.  Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Астана Халықаралық қаржы орталығы болу жолындағы қадамын нық бастады.

Сондай-ақ Ақордада мерекеге орай мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтар өз иелеріне салтанатты түрде табысталды. Президент  ел дамуына қосқан елеулі үлестері мен сүбелі еңбектері үшін еліміздің қоғам қайраткерлері, мәдениет пен спорт саласының үздіктері, әкімдер мен министрлерге  орден тақты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер