Қазақстан мен Еуроодақ өзара қарым-қатынастарды күшейту ісін жалғастыруда. Тараптар барлық салалар мен бағыттар бойынша ынтымақтастығын іс жүзінде қолдап отыр. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім еуропалық биліктің  атқарушы органы – Еуроодақ кеңесінің мақұлдауына тапсырылды. Бұл құжатты өткен аптада Еуропарламенттің Страсбургтегі сессиясында қолдауынан кейінгі келесі қадам. Енді ЕО кеңесі мен одақтың Ұлыбританияны қосқанда 10 мемлекетінің мақұлдауынан кейін  келісім толық күшіне енетін болады.

ИВЕТА ГРИГУЛЕ, ЕУРОДЕПУТАТ, ЕП ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ БОЙЫНША ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан Орталық Азиядағы Еуроодақпен осындай келісімге  қол жеткізген бірден-бір мемлекет. Еуроодақ Қазақстанды тек Орталық Азиядағы ғана емес жахандық деңгейдегі сындарлы, сенімді, адал және өте көреген  әріптесі ретінде бағалайды.

Айта кету керек, кең ауқымды ынтымақтастық әртүрлі бағыттағы 29 саланы қамтитын болады. Мәселен, ЕО қазірдің өзінде Қазақстанның сыртқы саудасының үштен бірін өз үлесінде ұстап отырған ірі сауда серіктесі. Республика еуропа мемлекеттеріне мұнай, газ, химиялық өнеркәсіп өнімдері,  азық-түлік тауарларын экспорттайды.  Ал батыстан Қазақстан нарығына көбінесе көліктік және медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмек пен жиһаз өнімдері жеткізіледі. Бұл ретте ЕО ірі шетелдік инвестор екенін айта кету керек, Қазақстанға бағытталатын тікелей инвестицияның жартысынан астамы кәрі құрлық елдеріне тиесілі. Тәуелсіз Қазақстанның даму қарқыны мен бизнес ахуалы нидерландтық іскери топ өкілдері тарапынан жоғары бағаға ие. 

ХЕНК НИБУР, ҚАЗАҚСТАН -НИДЕРЛАНД ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:  

 - Менің Қазақстанда жұмыс істегеніме 20 жылдан асты. Сіздердің елдегі бизнес ахуалдың өте жақсы екенін айтқым келеді. Осыдан бес жыл бұрын серіктестік көбіне мұнай газ секторына бағытталса, қазір ауылшаруашылығы, жаңғырмалы энергия және логистика салалары бойынша іскерлік байланыс қарқын алып келеді. 

Тәуелсіздік алған жылардан бері қарай қазақстандық 350 жоба ЕО тарапынан 180 миллион еуроға қаржыландырылды. Олардың басым бөлігі экономикалық реформаларды енгізуге бағытталды. Тараптар жаңа келісім күшіне енгеннен кейін өзара тиімді ынтымақтастық үрдісі жалғасын табатынына сенімді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер