Астана– тәуелсіз Қазақстан символы

Бейбітсүйгіш саясатымен, бітімгерлік бастамаларымен әлемге танылған Қазақстан астанасы жаһандық брендке айналды. Халқымыз үшін Астана тәуелсіздік символы болса, күллі әлем үшін бейбітшілік пен келісімнің қаласы, ғаламдық маңызы бар маңызды оқиғалар алаңы. Әлем діндерінің көшбасшылары алғаш рет Ұлы дала елінің төсінде бас қосса, жаһанды алаңдатқан Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізу үшін де Астана қолайлы деп танылды. Биыл жазда мұнда ЕХРО көрмесі өтіп, онда дүниенің ең озық технологиялары таныстырылғаннан бөлек, әлем халықтарының мәдениеті тоғысып, жаһан жұртын жақындата түсті. Еліміздің ордасын Сарыарқа төсіне көшірген кезде-ақ Қазақстан бейбітүсйгіш саясат ұстанатынын жариялаған болатын.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бүгін, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстанның астанасы Ақмола қаласына көшіріледі. Маңызды шешімдердің бәрі осында қабылданады. Біз – бейбіт мемлекетпіз, барлық көршілерімізге өзіміздің бейбіт ниетімізді жариялаймыз, барша қазақстандықтарға халықтың игілігі үшін қызмет етуге үндеймін.

Осылайша әлем картасында жаңа Астана пайда болды. Дала төсін дүбірлеткен тарихи шешім баршаға паш етілгеннен кейін Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен президент байрағы салтанатты түрде жаңа астана төріне орнатылды. Ақсақалдар Елбасына батасын беріп, қала кілтін табыс етті.

ТӨЛЕГЕН МҰХАМЕДЖАНОВ, КОМПОЗИТОР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, 1998-2004 ЖЖ АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Көштердің ішіндегі ең ұлы көш болды. Себебі біз алғашқы болып, егеменді ел болып өзіміздің астанамыздың қайда болатынын шештік. Бізідң алдымызда біресе Қызылорда, біресе Орынборда, біресе Алматы болды, оны әрдайым Мәскеу шешкен, ал мынау алғаш рет біз өзіміз халық болып мемлекетіміздің туын тіктік.

Елорданы Астанаға көшіру туралы тарихи шешімді Елбасы осы залда жариялады. Бүгінде музейге айналған алғашқы резиденция өткеннен сыр шертіп, қаз қалпында тұр.  

ЖАДЫРА ӘУБӘКІРОВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МУЗЕЙІНІҢ САРАПШЫСЫ:

 - Алтын залда орналасқан үстелдің басында Астана қаласының бас құрылыс жоспары талқыланған болатын. Яғни екі рет үлкен конкурс өткізіліп, екінші конкурста атақты жапон архитекторы Кисе Куракаваның жобасы жеңіп шыққан болатын.

Тарих үшін қас-қағым сәт болған жылдар ішінде елорадамыздың келбеті келісіп, дәулеті мен сәулеті жарасқан сұлу шаһарға айналды. Ескі көшелерге жаңа көшелер қосылды, қала өсті. Сол жағалауда жаңа әкімшілік аудан бой көтерді. Халықтың  саны да артты. 1997 жылы мұнда 300 мыңға жетер-жетпес адам болса, қазір миллионнан асады. Көш әлі жалғасып жатыр. Қала басшылығы астаналықтар 2 миллионға жетеді деп, жаңа жоспар құруда.