Қазақстан мен Өзбекстан елдері қабылдаған жол картасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында екі арадағы шекаралық өткізу бекеттерін заманға сай модернизациялау көзделген. Соңғы кезде екі ел арасындағы алыс-беріс артып, көліктер мен ел азаматтарының ары-бері өтуі еселене түскен. Сауда-саттық артқан соң кеденде көліктер қозғалысы да көбейген. Шекарадағы қызметті оңтайландырып, жеделдету үшін екі елдің тиісті сала басшылары бекеттерді аралап, жұмыс жоспарын нақтылады. 

АРДАҚ ТЕҢГЕБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазіргі таңда 100-ден аса ғана автокөлік өтіп жатыр. Енді күрделі жұмыстар бітіп, ол іске қосылғаннан кейін, тәулігіне 1000 автокөлік өткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сондай жұмыс атқарылып жатыр.

Қазақстан жағы өз өткізу бекетін көрші елдің жоспарына, Өзбекстан жағы біздің ыңғайымызға қарап азаматтардың тез арада шекарадан өтіп кететіндей етіп жасауды келісті. Өткен 11 айдың ішінде шекарадан ары-бері 9 миллион 600 мыңнан асатын адам өткен екен. Ал жүк көлігінің саны 110 мыңға жақындайды.

МІРАКБАР ӘЛИҚОЖАЕВ, ӨЗБЕКСТАН КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БАС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Екі мемлекет арқылы өтіп жатқан көлік болсын, азамат болсын, соларға ыңғайлы, мейлінше жылдам жағдай жасалуы керек. Бүгінгі кездесу кезінде осы мәселелер нақты талқыланды. Келесі жылы жұмыс басталады.

Төрт өткізу бекетін аралап шыққан сала басшылары күрделі жөндеуден өткізіліп, модернизацияланатын нысандардың жоспарын үкіметке ұсынады. Ал қызу жұмыс келер жылдың алғашқы айларында басталады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер