Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсімі 4 пайыздан асты

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсімі  4 пайыздан асты

Жыл басынан бері ел экономикасы  4 пайызға жуық өсім көрсетті. Өнеркәсіп, тау-кен, өңдеу және электрмен қамту сынды  салалардың қай-қайсысы болсын ел экономикасын еселеді деуге толық негіз бар. Бизнеске қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мен инвестицияны арттыру экономиканың әртарапты жандануына ықпал еткен.

Сонымен, өнеркәсіп өндірісі 7,3 пайызға өссе, тау-кен саласының дамуы 9,6 пайызға жетті. Сол секілді өңдеу ісі едәуір ілгерілеп, бір ғана фармацевтикалық тауарлар өндірісі 40 пайызға артты. Жихаз және машина құрастыру салаларында  да   ілгерілеу бар.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Жалпы 11 айды қорытындылар болсақ, Қазақстан экономикасы тұрақты даму үрдісін көрсетіп отыр. Осыған сүйеніп жыл аяғында ІЖӨ өсімі 4,0 пайызды құрайды деп болжай аламыз.

Өндірістегі өсім бюджеттегі түсімді де еселеді. Жалпы ел қазынасының кірісі қазір 6,3 триллион теңгеге жеткен. Осы 11 айдағы түсім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 520 миллиард теңгеге артық.  Ал жыл соңына дейін бюджеттің 99,4%-ы игеріледі деп жоспарланған.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

 - Мемлекеттік бюджетті қайта игеру бойынша сома 153 млрд теңгені құрады.  Оның  71 млрд –ы республикалық, ал – 82 млрды жергілікті бюджетке тиесілі. Жалпы айтқанда мемлекеттік бюджет кірісі  102,5% орындалды.

Сауда саласының көрсеткіштері де көңіл көншітерлік. Қаңтар және қараша айлары аралығындағы экспорт көлемі сырттан әкелінетін тауарлар санынан  екі есеге артық болып шықты. Шет елдерге елімізден май, қант және кондитерлік өнімдерді экспорттау үлесі артқан.  Жалпы еліміздің сыртқы саудасы 25% өсім көрсетіп,  62 млрд теңгені құрады.