Бүгін еліміз тәуелсіздіктің 26 жылдығын атап өтуде. 1991 жылы 16 желтоқсан еліміз өз мемлекеттілігін жариялаған болатын. 26 жыл ішінде  елде көптеген саяси және экономикалық реформалар жүзеге асты. Қазақстан әлемдік экономикамен бірігіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ пен әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу осы жетістіктер қатарында. 

ЖАҚСЫЛЫҚ  СӘБИТОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстанда болған экономикалық өсім ауыз толтырып айтарлықтай.  Бұл тек мұнаймен ғана байланысты емес. Өсімді қамтамасыз етуге біртіндеп біздің экономикамызға келе бастаған инвестициялар өз септігін тигізді. Елімізге бизнес қызығушылық таныта бастады. Осыйлайша, инвестиция тарту саласындағы тиімді саясат жоғары экономикалық өсімді қамтамасыз етті.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, тәуелсіздіктің  26 жылы ішінде Қазақстан ең басты құндылық – тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтай алды. Мемлекеттің қалыптасуында ТМД елдерінде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөлге ие. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің тиімділігін мойындап отыр. Бірқатар елдерде бұл тәжірибе меңгеріліп, енгізіліп те жатыр.  

АНДРЕЙ БУЗАРОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

 - Алдымен, Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі ерекше мемлекет екендігін атап өткім келеді. Өйткені мемлекет елдің ішінде де, сыртта да келісім мен тұрақтылықты шайқалтпады. Тәуелсіздігінің 26 жылы ішінде ұлттық бірегейлігін сақтай отыра,  заманауи әрі күрделі жаһандық өзгерістерге бейімделе алды. Мұндай жетістіктермен кез келген посткееңестік елдің мақтана алмасы белгілі.  Сондықтан Қазақстан тұрақтылық пен ұлттық бірліктің үлгісі бола алады деген ойдамын. 

Ширек ғасыр ішінде Қазақстан халықаралық аренада бедел мен жоғары мәртебеге ие болды. Қазіргі таңда республика ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. 1991 жылы Қазақстан Семей полигонын жауып, ядролық қаруға қарсы дүниежүзілік қозғалысты бастап, «АТОМ» халықаралық жобасын жүзеге асыруға кірісті. Еліміз БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлемге Жалпыға ортақ   декларациясы авторларының бірі атанды. Бұдан бөлек, Қазақстан бітімгерлік қасиетімен де танылып үлгерді. Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздердің Астанада өтуі , Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі Алматылық жиын  мен Азиядағы сенімділік шаралары жөніндегі Кеңестің құрылуы осыған дәлел. Мұның арқасында еліміз халықаралық аренда өз орнын мойындатып отыр. Жаһандық бастамалар мен бітімгерлік жобаларды Қазақстан әлемдегі ең беделді алаңдардың бірі – БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде жалғастыруда. Еліміз оның тұрақты емес мүше болып сайланған болатын. Келер жылдың қаңар айынан бастап Қазақстан халықаралық ұйымның басты органында төрағалық етпек.

АНДРЕЙ МАМЫКИН, ЛАТВИЯДАН  ЕУРОПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ:

 - Қазақстан өткен жол керемет болды деп айта аламын. Олар саяси ұлт пен басшылықты қалыптастырды. Саясаттағы басымдылықтарын белгіледі. Бұл, әрине, бейбітшілік, ядролық қарусыз әлем, Орталық Азиядағы елдер, жалпы барлық елдермен тығыз байланыс орнату саясаты. Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз еткен барша адамға ой салар  «Әлем. XXI» манифесі. Мен Қазақстанды тәуелсіздік күнімен құттықтағым келеді. Алда талай ғасырлар бойы тәуелсіздіктің жалғасуын тілеймін.

Тәуелсіздіктің 26 жылдығын қазақстандықтар дамудың айтарлықтай жоғары көрсеткіштерімен қарсы алуда. Елдің жер-жерінде жаңа индустриялық-инновациялық кәсіпорындар ашылуда. Тиісінше, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан әлемнің  алдыңғы қатарлы елдерінің арасында өзінің орын алуға бет алған табысты мемлекетке айналды. Мұны дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі ел көрсеткіштерінің жақсаруынан көруге болады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер