Вашингтонда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығы аталып өтті. Салтанатты шараға Ақ үй және Мемлекеттік департаменттің лауазымды тұлғалары, ірі америкалық компаниялардың басшылары, инвесторлар қатысты. АҚШ президенті көмекшісінің орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша директоры Лиза Кертис Қазақстанның бітімгерлік қызметін жоғары бағалап, еліміздің 2017-2018 жылдары аралығында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігінің маңызын атап өтті. Қос тарап та саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті әрі қарай жалғастыра бермек. Кертис шара барысында Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктерін айтып, Қазақстан АҚШ-тың негізгі бағыттар бойынша сенімді серіктесі болып қала беретінін мәлімдеді.

ЛИЗА КЕРТИС, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ КӨМЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Соңғы 26 жыл бойы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары сенімді серіктес болып келеді. Бірлесе атқарған жұмыстар қарым-қатынасымызды нығайтуға зор үлесін қосады деп үміттенемін. Қазақстан АҚШ-тың ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Егемендігін алғалы бері Қазақстанның экономикасы тұрақталды, бұл дегеніміз: америкалық компаниялар үшін энергетика, технология және инфрақұрылым салаларында инвестиция құю мүмкіндігі ашылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы арқасында ел антиядролық қозғалыс көшбасшысына айналды.

Қазақстанның тәуелсіздік күні Чехияда да аталып өтілді. Мерекелік шараға Чехия Президенті әкімшілігінің және ел парламентінің өкілдері, белгілі саясаттанушылар мен кәсіпкерлері арнайы келді. Қонақтар тәуелсіздік жылдары еліміз елеулі нәтижеге қол жеткізгенін атап өтіп, ізгі ілтипат көрсетті. Сондай-ақ, Чехия сарапшылары Қазақстанның халықаралық аренадаға саяси бастамаларына қолдау білдірді.

ФИЛИП ВОЙТЕХ, ЧЕХИЯ ПАРЛАМЕНТІ ДЕПУТАТТАР ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз өзара байланысымызды бекіте түстік. Бүгінде қос елдің әлеуеті  зор. ЭКСПО 2017 көрмесіне арнайы бардым, күллі әлем көз тіккен шара өте  жоғары деңгейде өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, қазақстандық саясаткерлердің әлемдегі бейбітшілік үшін атқарып жатқан істері ұшан теңіз.  Сирияда бейбітшілік орнату үшін атқарған жұмыстарыңызға  алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қазақстан ТМД елдері арасында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін алғаш болып өткізді. Чехия жаһандық шараға белсене қатысып, көрме тақырыбын аша білді. Осындай ауқымды шараны ойдағыдай өткізгені үшін сарапшылар Қазақстанды құттықтап, «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығын атап өтті.

ЯН КРС, EXPO 2017 ЧЕХ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - EXPO 2017 халықаралық көрмесі Қазақстан үшін үлкен жетістік болды, ел  экономикасын дамытуға да, беделін арттыруға да қосқан үлесі зор. Маған көрме барысында Қазақстанның орталық павильонында балаларға арнап ұйымдастырылған шаралар қатты ұнады. Мен қазақстандықтарға тыныштық пен бейбітшілік тілеймін. Қазақстан одан әрі  өсіп-өркендей берсін.

Салтанатты жиын гала-концертпен аяқталды. «Арқайым» этно-фольклорлық дуэті өз шығармашылығымен дүйім жұртты таңқалдырды. Музыканттар көне қазақ аспаптарында ойнап, халық әндерін орындады. Домбыра мен шаңқобыздың, сазсырнайдың  ерекше үні қонақтарға қатты әсер етті. Сонымен қатар, Жәмила Серкебаеваның өнер көрсетуі чех көрермендеріне тосын сый болды. Белгілі скрипкашы өзінің асқан шеберлігімен  қонақтарды таңдай қақтырды.

Атап өтерлігі, Қазақстан мен Чехия елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 25 жыл. Ширек ғасыр ішінде екі ел сенімді серіктес, стратегиялық әріптеске айналды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер