Алматы облысының Текелі қаласындағы шойын балқыту зауыты Тәуелсіздік күні қарсаңында өзінің алғашқы өнімін шығара бастайды. Өндіріс өңірдегі ең ірі қорғасын-мырыш комбинатының базасында құрылды. Оның құрылысына 20 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бүгінде сол қаржының тең жартысы игерілді.

АНДРЕЙ СЛОНОВСКИЙ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жабдықтардың барлығы шойын өндіруге дайын тұр. Қазір қажет материал бар. Осы айдың ортасында кен байыту фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Зауыт құрылысының алғашқы кезеңінде кен байыту фабрикасы қалпына келтірілді. Ол іске қосылған соң байытылған темір концентраты шығарыла бастайды. Домна пештерінің жұмысына қажет басты шикізат сол болмақ.

ЕРЛАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ЦЕХ БАСШЫСЫ:

 - Фабриканың жобалық қуаттылығы 24 сағатына мың тонна. Ал енді екі пештің қуаттылығы жылына 400 мың тонна. Шойын шығару жобасы осындай.

Қазір мұнда 200-ге жуық құрылысшы еңбек етіп жатыр. Кейіннен 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыт толық қуатына енген соң 400 мың тонна шойын шығарып, жұмыс күші мыңға жетеді.

АРМАН ҚОЖАБЕК, КӘСІПОРЫННЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

 - Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқандардың бәрі – өзіміздің қазақстандықтар. Теміртаудан келген, Өскеменнен келген, Алматыдан келген құрылысшыларымыз осының бәрін құрды. Құрылыс материалдарының көбі Қазақстанда жасалған. Тәуелсіздік алғалы бері болмаған жағдай ғой. Теміртауда ғана бар мұндай өндіріс. 

Текеліден шыққан шойынды Павлодар құбыр-илек зауытына жеткізу жоспарланған. Одан басқа, отандық өнім Ресей мен Қытайға экспортталатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер