Елордада 21-22 желтоқсан күндері Сирия мәселесі бойынша кезекті халықаралық кездесу өтеді. Қазақстан Сыртқы Істер министрлігінің мәліметінше, кезекті келіссөздер барысында тараптар тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денесін туғандарына тапсыру, із-түссіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобы туралы ережені қабылдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қатысушылар деэскалация аймақтарына қатысты мәселелерді талқылап, Сирия аумағын, соның ішінде ЮНЕСКО нысандарын Минадан босату туралы бірлескен мәлімдеме қабылдау көзделген.

"Барлық тараптардың қатысуымен осындай маңызды мәселелер талқыланатын Астана процесі - Қазақстанға деген сенім деңгейінің өлшемі", - дейді француз профессоры Альбер Фишлер. Ол Сирия қақтығысын реттеу бойынша халықаралық келіссөздерді өткізуге қолайлы ел ретінде Қазақстанның таңдалуында үлкен мән жатқанын тілге тиек етті.

АЛЬБЕР ФИШЛЕР  ПРОФЕССОР:

 - Қазақстан тәуелсіздік жариялағалы бері бейбітшілікті жақтап дауыс беруде. Оған айғақ Семей полигонының жабылуы. Сол кездің өзінде әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға шақырды. Және дүние жүзіне үлгі бола алатынын паш етті. Қазір де Қазақ елі – бейбітшілік бесігі. Сондықтан да Сирияға қатысты келіссөздер Астанада өтті. Мәмілеге келу, ортақ тіл табысу қазақтың қанында бар қасиет. Бұл тұрғыда да қазақтар әлемге үлгі бола алады.

Елордадағы Сирия келіссөздері Біріккен Ұлттар Ұйымының жіті назарында. Әсіресе, Таяу Шығыс елдерінің өкілдері Астана процесіне үлкен үміт артып отыр. Айтуларынша, кездесулердің бұған дейінгі кезеңдерінде аймақтағы жағдайды жақсартатын нақты қадамдар қабылданған еді. Енді бәрі де сол үрдістің үзілмегенін қалайды.

НАВАФ САЛАМ, ЛИВАННЫҢ БҰҰ-ДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Таяу Шығыс халқы Сириядағы ахуалды оңалтуға Қазақстан ықпал ете алады деп санайды. Астана ерегіскен екі тарап үшін де маңызды алаң. Біз олардың дұрыс шешімге келетініне сенеміз. Ливан Қазақстанның БҰҰ-дағы өркениет Альянсы мен мәдениетаралық келіссөздерге қатысуын қолдайды. Бұл ел түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігін сақтаған, әлемде өзіндік орны бар мемлекет. Ал, Қазақстандағы келіссөздер лаңкестікпен күреске де оң әсер етері сөзсіз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер