Ертіс өңірінің ежелгі тарихына шолу жасап, тың деректер тұнған ескерткіштерді зерделеу мақсатында Павлодарлық оқушылар қазба жұмыстарына қатыса алады. Павлодар педагогикалық институтының археологтары «Асыл мұра» этнографиялық зертханасын ашып,  тарихқа қызығушылығы жоғары оқушылар арасынан топ құрды. Жас жеткіншектер ескерткіштердің орналасуын алдымен картаға енгізген. Енді археологиялық барлаудың жалпы нобайын құрып, экспедицияға қатысады. Олар кәнігі мамандармен тәжірибе алмасуға сақадай сай. Тіпті, жазда Баянауылдағы «Стаунхенге» баруды жоспарлап қойыпты. 

РАСУЛ МҰСТАФИН, ҚАЛАЛЫҚ №18 ОРТА МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

 - Көптеген қазбаларды өткіздік. Тастарды зерттедік. Кітаптан оқығаннан көзбен көрген артық. Болашақта көптеген зерттеулерге қатысқым келеді.

ЭДУАРД ЛАМПАРТЕР, ПАВЛОДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ МАМАНЫ:

 - Біз тек тарихқа қызығушылық танытқан балалармен жұмыс істейміз. Ең бастысы олардың бойында толық сыры ашылмаған тарихты зерттеуге деген талпыныс болуы керек. Балалардың жаңа нәрсені білуге деген ұмтылысы бізді қуантады.

Ертіс бойындағы Қимақ қағанатының өркендеуі, орта ғасыр тарихы мен Қазақ хандығының құрылуын балалар тереңнен білгісі келеді. Мынау 9-11 ғасырларда өмір сүрген қимақ жауынгерінің сауыт-сайманы. Түпнұсқа Май ауданында жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған. Мектеп оқушылары осы аймақта бірнеше рет археологиялық зерттеулер жүргізді. 

АҚМАРАЛ АРТЫҚБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ №18 ОРТА МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

 - Оқушылардың қызығушылықтарына қарай және осы оны іске асыру мақсатында бастапқыда ғалымдармен жұмыс жасау жоспарлануда. Және оны іске асыруда, біз, ұстаздар қауымы ерекше мән береміз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленіп жатқан «Киелі мекендер» картасына облыс бойынша 70-ке жуық тарихи орын енген. Мамандар бұл тізімнің әлі де толықтырылатынын атап өтті.

Павлодар педагогикалық институтының ғалымдары іздестіру географиясының шеңберін кеңейтеді. Олар осы маусымда үш ауданда зерттеу жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, келер жылғы қазба жұмыстарына мектеп оқушылары да қатысады. Олардан тың ізденістер мен жаңалық күтеміз.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер