Қазақстанда су ресурстарын бағалаудың халықаралық орталығы іске кірісті

Қазақстанда су ресурстарын бағалаудың халықаралық орталығы іске кірісті. Бұл Қазақстанның аймақтық және жаһандық су проблемаларын шешу жөніндегі халықаралық ғылыми орталыққа айналуына жол ашпақ. Мәселе су саясатына байланысты Астанада өткен жиында талқыланды. Жалпы, Қазақстан тұтынатын судың 50 пайызын трансшекаралық өзендерден алады. Елімізде ашылған халықаралық суды бағалау орталығы осы салада аймақтық серіктестікті нығайта түсуі тиіс,-дейді сарапшылар.

ФРАНЧЕСКА БЕРНАРДИНИ, БҰҰ ЕЭК ШЕКАРАРАЛЫҚ СУ ЖӨНІНДЕГІ КОНВЕНЦИЯ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл орталық шекараралық суды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Осы ретте Қазақстанның тәжірибесі зор. Халықаралық суды бағалау орталығы су мәселесін шешуде түрлі бастамалар көтеруге де септігін тигізетін болады. Орталық толықтай Қазақстан  тарапынан қаржыландырылады. Дегенмен, алдағы уақытта жобаларды жүзеге асыруға өзге де елдер донорлық көмек көрсетпек.

Қазақстан Сырдария өзенін пайдалану бойынша Қырғызстанмен екіжақты келіссөз жүргізіп, жұмыс тобын құруды да жоспарлап отыр. Екі ел арасындағы Шу, Талас өзендері бойынша мәселе туындап отырған жоқ. Ал Сырдарияға қатысты қазір Орталық Азиядағы 5 мемлекет арасында комиссия құрылған. Бірақ Қазақстан үшін Қырғызстанмен жеке келіссөз қажет. Біздің ел Тоқтағұл су қоймасынан жазда тұтынған суды қыста электр қуатымен өтеуге келіспек ниетте.

ИГОРЬ КОВАЛЬ, ҚР АШМ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте суды үнемдеу технологияларын қолдану керек. Осы бағытта жұмысты жолға қоямыз. Мұндай келіссөздердің маңызы  да осында. Қазіргі таңда кез келген мемлекет суды үнемдеу технологияларын пайдалануды қолға алып отыр.

Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану ту­­ра­лы конвенция 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде қабылданған болатын. Қазақстан аталған конвенцияға 2000 жылы қосылды.