Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отыр

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің үш бірдей Санкциялық Комитетін басқарып келеді. Бұл органдар әлем елдерінде әрекет ететін лаңкестік топтарға қарсы шараларды қадағалайды. Қауіпсіздік Кеңесі кезекті күн тәртібін әлемге қауіп төндіріп отырған осындай маңызды мәселелерге арнады. Негізгі баяндамашы - Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров. Ол Санкциялар комитетінің жұмысы туралы  туралы баяндады.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ҚР ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Санкциялардың толық орындалуына көмектесу үшін Комитет төрағасы бірқатар елдерге барады. Мен Малайзия, Сингапур, Ауғанстан елдеріне бардым, Ресейдің Краснодар қаласында арнайы қызметтің, қауіпсіздік және құқық қорғау органдары басшыларының Кеңесіне қатыстым. Өзбекстанға сапарым Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының конференциясы аясында өтті. Мұндай сапарлар Комитетке санкцияларды жүзеге асыру барысымен танысуға және ұлттық билік органдарымен қарым-қатынасты дамытуға көмектеседі.