Құрық портында автокөлік паром терминалы іске қосылды

Құрық портында автокөлік паром терминалы іске қосылды. Украина мен Грузия, Түркиядан жүк таситын көлік теңіз арқылы көп келгендіктен, жобаның құрылысы басталған болатын. Жан-жақтан ағылған көлік пен жүк тиелген кемелерді жалғыз айлақ қабылдап үлгермейтін. Енді кешеннің аумағы үлкейді, қуаты артты. Жылына 20 мың көлік пен 6 миллион тонна жүкті қабылдап, өткізуге мүмкіндігі бар. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске қосылды.

Кемелердің қозғалысы мен айлақтарда орналасуы, оларды өңдеу жұмыстары Құрық порты диспетчерлерінің мойына жүктелген. Жақында теміржол паром кешенінде тағы бір кемежай іске қосылды. Енді бұл жерде бірден екі паромды қабылдауға мүмкіндік бар. Айлақтағы паром кешенінің автокөліктерге арналған бөлігі де жүк көліктері артылған екі паромды қабылдауға қауқарлы.

МҰРАТ ИСАТАЕВ, ҚҰРЫҚ ТЕҢІЗ ПОРТЫНЫҢ ДИСПЕТЧЕРІ:

 - Украинадан, Түркиядан, тағы басқа да елдерден келетін жүк көліктері осында тоқстап, жүктерін түсіре алады. Бұл жерде ол үшін барлық жағдай жасалған. Жүк көліктерін кедендік рәсімдеу аймағы құрылды, алдағыуақытта теңіз вокзалы да салынады.

ТАЛҒАТ ОСПАНОВ, ҚҰРЫҚ ПОРТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Келесі жылы бұйырса 300 млн жүк жөнелтеміз деген ойымыз бар. Қазір жұмыс өте көп. Қазір уже біздің рейдте 4 кеме тұр. 500-ге жуық вагондар өздерінің кезегін күтіп тұр. Оның ішінде айтып кеткендей көмір, астық, мұнай өнімдері және Қытайдан транзиттік жүктер өздерінің кезегін күтіп тұр. Осы рейдке үш кеме тұр Әзірбайжан кемесі, ар жақтан және екі кеме шығып келеді. Бір кемеге 48-52 вагон тиеліп, Бакуға жөнелтіледі.

Екі теміржол және екі автокөлік айлағы жылына 6 миллион тонна көлемінде жүк жіберуге және қабылдап алуға қауқарлы. Қазірдің өзінде Құрық порты 1 миллион 300 мың тонна жүк өңдеген, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін бір жарым миллион тоннаға жетеді. Теміржол паромдар кешенінде құйылатын және сусымалы жүктер артылса, автокөлік паромымен құрғақ жүк артылған көліктер ғана тасымалданады. Осылайша, Құрық порты Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігіне айналып отыр.