Елордада мажар шығыстанушысы Дьёрд Алмашидің 150 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті

Елордада мажар шығыстанушысы Дьёрд Алмашидің 150 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті

Орталық Азия халықтарының болмысын ашып, әлемге бірейгелігін танытқан ғалым. Елордада әйгілі мажар шығыстанушысы Дьёрд Алмашидің туғанына 150 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Этнограф тура жүз жыл бұрын сары құрлықтың Іле өзені, Тянь Шань тауының өңірлеріне экспедиция ұйымдастырып, зерттеу жүргізген. Сапарының нәтижесінде ғалым «Азия жүрегіне саяхат» атты кітабын жазады.

АНДРАШ БАРАНИ, ВЕНГРИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Дьёрд Алмаши – үлкен экспедициямен Орталық Азияға келген алғашқы Еуропалық ғалымдардың бірі. Сол саяхатында жасалған бірегей фотосуреттері Еуропаға Азия халықтарының тұрмыстық салтын барынша танытқан тұңғыш дәйекті еңбектер болды десем қателеспеймін. Осы арқылы көпшілік жергілікті тұрғындардың мәдениетін, әдет-ғұрпын, халық музыкасын, киім-кешек, діні, тілі жайлы білетін болды.    

Шығыстанушы Жетісу өңіріне жасаған сапары барысында көптеген зерттеулер жүргізіп, мәліметтер жинаған. 700 беттік танымдық еңбегіне  қазақ даласында жасалған 200-ден астам фотосурет енген. Ең қызығы, 20-шы ғасырдың басында қазақ даласын мекен еткен соңғы жолбарыстардың бірі Алмашидің қырағы көзіне түсіп қалыпты. Араға ғасыр салып құнды ғылыми мұралар Қазақстанға жеткізіліп, арнайы ашылған көрмеден орын тепті.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз бірінші рет Алмашидің бұл фотосуреттерін жұртшылыққа ұсынып отырмыз. Екіншіден Мажарстаннан арнайы келген ғалымдармен келісімге келіп, біз осы кітаптарын жариялау туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Үшіншісі Алмашидің шығармашылығын насихаттау арқылы мажар-қазақ байланыстары нығая түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар, осыдан тура жүз жыл бұрын бүкіл Жетісу жерін аралап өткен ғалымға тағзым етеміз.

Дьёрд Алмаши 1867-1933 жылдары өмір сүрген. Этнограф сонымен бірге, зоология, орнитология ғылымымен айналысқан. Қазір түбіміз бір мажарлық ғалымның ісін ізбасарлары лайықты жалғастырып келеді.

ДАВИД ШОМФАЙ ҚАРА, ҒАЛЫМ,ТҮРКІТАНУШЫ, /ВЕНГРИЯ/:

 - Өзім болса 20 жылдан бері қазақтардың этнографиясын, әдет-ғұрыптарын зерттеп келемін. Көптеген ғылыми мақалалар жаздым. Біздің Венгриядағы құман-қыпшақтардың, және қазақтардың арасындағы тарихи, мәдени байланыстарды зерттейміз.

Ағылшын және орыс тілінде басылған Алмашидің танымдық ғылыми жұмысын жақында қазақ тілінде жарыққа шығару ісі қолға алынбақ. Сондай-ақ, есімін ел жадында қалдыру үшін оған Алматыда ескерткіш тақта орнату көзделіп отыр.