Қазақстан 20 жыл ішінде өзге елдерге 450 миллион АҚШ доллар қаржылай көмек көрсеткен

Қазақстан соңғы 20 жыл ішінде гуманитарлық және дамуға ресми көмек ұсыну мақсатында өзге елдерге жалпы 450 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек берген. Әсіресе, Орталық Азия аймағы үшін қауіпті ел ретінде көш бастап тұрған Ауғанстанға басымдық берілген. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев хабарлады. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, Қазақстан даму мақсаттарына 2013 жылы 20 млн АҚШ долларын, 2014 жылы - 43, 2015 жылы - 54, ал өткен жылы 38 млн АҚШ долларын жұмсаған. Ержан Ашықбаев дамуға ресми көмек ретінде арнайы Агенттік құру өзекті екенін атап көрсетті.

ЕРЖАН АШЫҚБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Түрлі техногендік жағдайлардың нәтижесінде қиындықққа түскен әріптес-мемлекеттерге жасалған көмек. Бұл көмек бидай, ұн, тамақ немесе мұнай өнімдері ретінде көрсетілген болатын. Сондай-ақ, қаржылай көмек Қазақстаннан шалғай орналасқан мемлекеттерге.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Дамуға ресми көмек бағытында жұмыс жүргізу кез келген мемлекет үшін зор маңызға ие. Көршілеріміздің бейбіт әрі тыныш өмірі біздегі тұрақтылықтың кепілі екенін есімізден шығармауға тиіспіз. Осы жерде бір өкініштісі, Қазақстанның гуманитарлық қызметі мен дамуға көрсетіп отырған қолдауы әлемге мәлім емес. Бұл бағыттағы қызметіміз біздің елімізді адал әріптес, әлем қоғамдастығының адал мүшесі ретінде көрсетеді.