Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары елорда тұрғындарына ерекше тарту жасады. Өнерлі өрендер қасиетті қазақтың қара домбырасын асынып, желілік флешмоб ұйымдастырды. Игі шараға жаппай атсалысқан мың дарынды тәлімгер көпшілікке рух берер күй өнерінің құдіретін танытты. Елбасынның есімі берілген аталмыш білім ордалары жер-жерде орналасқанымен,  әр өңірдің шәкірттері бір мезгілде ұлттық аспапты қолға алып ортақ мүддеге ұйыды. Үздік оқуларымен қатар домбыраның қыр-сырын жақсылап меңгеріп алып, құлағында ойнай білген дарынды тәлімгерлер Құрманғазының «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қосалқа» және «Тепеңкөк» күйлерін төгілте шертіп берді. Флешмоб Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналды.

РИЗА РАҚЫМОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ  МУЗЫКАЛЫҚ- КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Биыл үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Соның аясында «Ұлы даланың ұрпақтары» деген ұранмен домбырашылар флешмобын жинап алып келіп отырмыз. Мақсаты - ұлттық өнер туралы, ұлттық өнер арқылы балаларымызға ұлтжандылықты, ұлттық тәрбиені жеткізу.

ЕРСАЙЫН ЖАРАСПАЕВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

 - Мен домбырада ойнағанды жақсы көремін. Бес жасымнан бастап барамын. Кішкентайымнан жақсы көргендіктен көп күйлер үйреніп жатырмын. Ұлттық өнеріміздің тұғырын көтеру - біздей зияткер ұрпақтың міндеті деп білемін.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер