Жамбыл облысында орта ғасырларға жататын көне қалашықтың бір бөлігі табылды. Археологтар бұл Ұлы Жібек жолының бойындағы «Баркуап» шаһары екендігін айтып отыр. Қазба жұмыстары кезінде мамандар 3 метр тереңдіктен сол заманда өмір сүрген адамдардың қонысын анықтады. Ол жерден ескі ошақ пен қыштан жасалған ыдыстар және қараханидтердің тиындары секілді 600-ге жуық тарихи жәдігер шықты.

БАХТИЯР КӨПБОСЫНОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖУАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Біздің заманымызға дейінгі I-II ғасырларға жататын құмыралар. Шаһардың үлкен болғаны көрініп тұр. Тұрғындар бастама көтермесе, 10-15 жылда көне қалашықтың ізі де қалмайтын еді. Барлық жерде жаңа құрылыстар жүріп жатыр ғой. Ал енді тарихи ескерткішті сақтау шаралары қолға алынады.

Көне шаһардың қай заманға жататынын ғалымдар анықтайды. Осы мақсатта қазір археологтар қазба жұмыстарын тынбай жүргізіп жатыр.

ЕСКЕНДІР ТОРБЕКОВ, АРХЕОЛОГ, ӨЛКЕТАНУШЫ:

 - Біз қазір сол замандағы үй-жайлардың бірінің орнында тұрмыз. Міне, мына жерде бөлмелерді кірпішпен қаланған қабырғалар бөліп тұр. Ошақ, тұрмыс қалдықтарын тастайтын шұңқыр және қыш құбырдың қатар табылуы ас үй немесе шаруашылыққа арналған бөлме екендігін дәлелдейді. Ал, түрлі түске боялған ыдыс-аяқтар мен заттарға қарап бұл үйде ауқатты адамдардың тұрғандығын аңғаруға болады.

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Теріс өзенінің бойын барлау экспедициясы зерттеп жатыр. Ғалымдар 10-12 ғасырларға жататын Баркуап қалашығының шетін таптық деп отыр. Айтуларынша, шаһар Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, күллі әлемнен саудагерлер тоқтайтын орын болған.  

ЕСКЕНДІР ТОРБЕКОВ, АРХЕОЛОГ, ӨЛКЕТАНУШЫ:

 - Бұл қаланың тарихы 2 мың жылдан асады, яғни 7-6 ғасырлармен немесе 12-13 ғасырлармен аяқталмайды. Болжам бойынша біздің дәуірімізге дейінгі 1 ғасыр. Егер археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде  осы ойымыз нақтыланып жатса, бұл жерде  қаңлы билеушілерінің жазғы тұрағы Битянь қаласы орналасқан деуге негіз болады.

Заттардың қай кезеңге жататындығын нақты анықтау үшін топырақ пен бірнеше қыш ыдыстың сынықтары Жапониядағы геоархеологиялық зертханаға жіберілді. Егер расталса, Шу-Талас аңғарындағы екі мың жылдан астам тарихы бар ең ірі ежелгі қаланың орны анықталуы мүмкін. Ал Жуалы ауданының басшылығы қазба орнында ашық аспан астындағы мұражай ашпақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер