Қазақстандық «Токамакты» пайдалануға ТМД-ның 6 мемлекеті ниет танытып, сәйкес келісімге қол қойған. Сонымен қатар, Испания, Италия және Ұлыбритания елдері де бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік танытты. Бұл жоба қазір жаңа кезеңге аяқ басты деуге толық негіз бар. Мұнда термоядролық синтезді игеруге бағытталған зерттеулер жүріп жатыр. Алғаш рет 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік академик Евгений Велиховпен бірлесіп құрылыс салу жөнінде жобалар жасаған еді. Содан бері 20 жыл өтсе де, жоба өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Енді Курчатов қаласындағы Ұлттық Ядролық Орталығының ғалымдары үлкен ізденіске бет бұрды. Жаһанға таңсық бұл қондырғыны екінші рет қосу үшін көп дайындық керек, дейді олар.

ЭРЛАН БАТЫРБЕКОВ, ҚР ҰЯО БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Шамамен бір айдың ішінде біз кезеңге өтіп, қондырғыны екінші мәрте іске қосып көреміз. Ал жыл соңына дейін мемлекеттік комиссияға өткіземіз. Сөйтіп келесі жылдан бастап, көптеген серіктестерімізбен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуге кірісе аламыз деп ойлаймын.

Франциядағы Карадаш зерттеу орталығында 10 жылдан бері термоядролық реактор құрылысы тәжірибелік сынақтан өтіп жатыр. Құрылғыны орнату құны – 19 миллиард еуро. Халықаралық жобаны іске асыруға Еуропа Одағы, Америка, Жапония, Ресей, Үндістан, Корея және Қазақстан қатысады.

ПЕТР ХВОСТЕНКО, «КУРЧАТОВ ИНСТИТУТЫ» ҒЗО ТЕРМОЯДРОЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Күннің ортасында 20 миллион градус болса, «Токамакта» ол бірнеше есе артық. Сондықтан әлемде теңдесі жоқ  мұндай ғажайып қондырғы арқылы термоядролық реакторға қажетті құрылымдық материалдарды сынауға мүмкіндік туып отыр. Бұл дегеніңіз осындай маңызды міндеттерді орындай отырып, болашақтың шексіз энергиясына жол ашады. Бір шаршы метрге 20 мегаватт жылуға төтеп бере алатын материалдарды анықтауымыз қажет. Бұл жұмыстар бізге термоядролық реактор жасауға жол ашады және қандай материалдар қажет екенін түсінуге көмектеседі. Бұл өте маңызды.     

«Токамакты» 2025 жылы іске қосып, 2028 жылы қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Жұмыс қорытындысы бойынша гибридті реакторлар құру мүмкіндігі қарастырылмақ. Ондай реакторлардағы нейтрондар ядролық отынды ыдыратуда пайдаланылады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер