Астанада әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының көпшілікке таныстырылымы өтті. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шараға қоғам қайраткерлері мен Башқұртстан, Әзербайжан, Татарстан, Қырғыстан, Түркия елдерінен келген ғалымдар қатысты. Айта кетейік, 2012 жылы шыққан кітаптың авторы – Махмұт Қасымбеков. Аталмыш еңбек осы уақытқа дейін ағылшын, араб, француз және тағы басқа тілдерге аударылыпты. Ал әзербайжан тіліне журналист-публицист Аида Эйвазова тәржімалаған.   

МАХМҰТ ҚАСЫМБЕКОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ КЕҢСЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ, КІТАПТЫҢ АВТОРЫ:

 - Бұл кітаптың жарыққа шығуын біз әзербайжан халқының қазақ халқына, оның тұңғыш президенті, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына деген үлкен сый-құрметі деп білеміз. Оған дейін бұл кітап еуропаның бірнеше елдерінде жарық көрген болатын. Азиядағы алып Қытай, Корей елдерінде, Түркияда жарық көрген болатын. Енді бұл кітап әзербайжан бауырларымыздың да игілігіне жарайтын сияқты.

Бұдан бұрын Махмұт Қасымбековтің Елбасының өмір жолы туралы кітабы Баку қаласында таныстырылған болатын. Оның алғы сөзін Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Әли Гасанов жазған. Ол Елбасының Қазақстанды құрудағы ерен еңбегіне шолу жасап, бауырлас екі елдің арасындағы ауызбіршілікті нығайтудағы рөліне ерекше тоқталыпты.

АИДА ЭЙВАЗЛЫ, АУДАРМАШЫ:

 - Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы тек Әзірбайжан еліне емес, барша түркі халқына қызық. Ол жаһан халықтары араыснда данагөй көшбасшы, білікті саясаткер, бейбіт үдерістердің бастамашысы болған мемлекет қайраткері ретінде қабылдайды. Ең қиын сәттерде бірінші болып достыққа шақырады. Аударма кезінде бейбітшілікті бағалайтын, адамгершілігі мол тұлға ретінде таныдым. 

Кітапты әзербайжан тіліне аударуды Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Кыдырәлі ұсыныпты. Сапалы аударма жасап, басылымды баспаға дайындауға бір жылдай уақыт кетті, дейді Аида Эйвазлы. Көшбасшының өмір жолына шолу жасаған ол көшбасшылық дәрісін алғандай сезінгенін айтады.

АИДА ЭЙВАЗЛЫ, АУДАРМАШЫ:

 - Кітапта халыққа қызмет ету жолында кездесетін мағыналы оқиға жетерлік. Бұл туынды екі ел арасындағы достықты нығайта түсетініне сенімдімін. Және оқырмандар тарапынан да қызығушылық тудыруы тиіс.

Авторлар кітапты бір данадан Қазақстанда тұратын әзербайжандықтарға  сыйламақ ниетте. Ал, Баку тұрғындары оны қала кітапханаларынан таба алады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер