Бірінші желтоқсанда Қазақстанда Тұңғыш Президент күні аталып өтіледі. Мереке Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдындағы еңбегіне арналған. Бұл күннің таңдалуы бекер емес. Өйткені 1991 жылы бірінші желтоқсан күні Қазақстанда ел президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Бұл науқанда Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайызының дауысын жинаған болатын. Халықаралық сарапшылар Елбасының мемлекет ішінде ғана емес, өзге елдермен де барынша ойластырылған саясат жүргізіп отырғандығын айтады. Қазақстанның бітімгерлік рөлі әлемдік қауымдастықтың тиісті бағасына ие болды. Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесі солардың қатарында. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы процесстен соң  Сириядағы гуманитарлық жағдай жақсарып, даудың саяси тұрғыда реттелуіне барынша қолайлы жағдай жасалған.

АРИЭЛЬ КОЭН, АҚШ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ТАЛДАУ ИНСТИТУТЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазіргі уақытта Қазақстан экономикалық тұрғыда дамыған мемлекет. Әлемдік аренада танылып отыр. Бұл қандай жолмен, қандай бағытта дамып келе жатқанын білетін мемлекет. Ядролық қарудан бас тарту сынды мықты бастамалары бар. Қазақстан Сирия келіссөздері сынды халықаралық шараларды ұйымдастырады. Ел Біріккен Ұлттар Ұйымында да көшбасшы рөл иеленіп отыр. Мұның бәрін Президент Нұрсұлтан Назарбаевсыз жүзеге асыру мүмкін болмас еді деп ойлаймын.

Сарапшылардың айтуынша, 1991 жылдан бері мықты мемлекет құру бойынша нақты қадам жасалды. Мемлекеттіліктің мүлдем жаңа үлгісі қалыптасты. Оның негізі - қоғам сенімі мен тұрақтылық. Ұлтаралық келісімнің басты  тірегі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара бастады. Мемлекеттік нышандар пайда болып, ұлттық валюта енгізілді. Мемлекет басшысы көпұлтты халықты бір шаңырақ астында біріктіріп, экономиканы дамыта алды,-дейді сарапшылар. Олар тәуелсіздік алғаннан бері ел тізгінін ұстаған президенттің Қазақстан тарихындағы рөлі ерекше деп отыр.

АНАТОЛИЙ НИЧКАСОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЕЛАРУСЬ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ЕЛШІСІ:

 - Беларусь мемлекетінің елшілігі атынан барша қазақстандықтарды айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Биыл бәріміз Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің куәгері болдық. Келесі жыл болса, елорданың 20 жылдығы аталып өтетінін білеміз. Ол кезде де Қазақстанның астанасы жұртшылық назарын өзіне аударады деп ойлаймын.

Биыл Қазақстан Тұңғыш президент күнін осымен бесінші рет атап өтуде. Мерекеге орай елдің түкпір-түкпірінде концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, форумдар мен түрлі акциялар ұйымдастырылады. Басты мақсат – елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер