Қазақстанда батат картобы өсіріледі. Кореяның биотехнологиялық институтының ғалымдары үш жыл бойы қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып келеді. Нәтижесінде батат көшеттерін еліміздің үш облысында отырғызып, Оңтүстік Кореядан екі есе көп өнім алды. Тәтті картопты алғашында зертхана жағдайында өсіріп, қазақ жерінің ауа райына бейімдеді. Ғалымдар құрғақшылыққа төзімді көкөніс алу үшін оның тұқымын суармапты. Сөйтіп, талшықтардың кей түрлері қурап қалған, ал көктегендерін жерсіндірген. 

КВАК САНГ СУ, КОРЕЯ БИОҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯНЫ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

- Қазақстанның жері кең, ал біздің елде технологиял жақсы дамыған. Біз батат өсірудегі жиырма бес жылдық тәжірибемізді сіздермен  бөлісуге дайынбыз. Алдымен мұнда жерсінетін картоп түрлерін таңдап алу керек. Батат өте пайдалы көкөніс. Ол қан қысымын төмендетуге, қандағы қанттың мөлшерін қалпына келтіруге, салмақ тастауға көмектеседі. Бұдан бөлек, онкологиялық аурулардың алдын алуда да пайдасы бар. 

Батат Кореяда үлкен сұранысқа ие. Ол азық-түлік рейтингі бойынша күріш, бұрыш, пияз, сарымсақ, картоптан кейін алтыншы орында тұр. Батат - қалдықсыз көкөніс. Жапырағынан салат дайындалады, ал өзін асқа қолданады. Тәтті картоптың қабығының да адам денсаулығына пайдасы мол. Оны отқа қақтаса, дәмі тіл үйіреді. Профессор Ин Дон Судың айтуынша, Кореяда бататқа жыл сайын сұраныс артып келеді, тіпті қоймаға жетпестен сатылып кетеді екен.

ИН ДОНГ СУ, ПРОФЕССОР, КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

- Түрлі ауруларға төзімсіз болғандықтан, өңделмеген, жаңа піскен көкөністі импорттауға тыйым салынған. Бүгінде салқындатылған, буланған немесе майға қуырылған батат Индонезия мен Малайзиядан көп әкелінеді. Қазақстанда тәтті картоп өсіру үшін жер жеткілікті, сондықтан батат өсіру жобасының болашағы бар. 

Ғалымдардың айтуынша, қазақстандық шаруалар үшін батат жаңа дақыл болғанымен, оны өсіру өте тиімді болмақ. Тиісті күтім жасалса, өнімділігін еселеуге мүмкіндік мол. Оны алғашқы нәтижелерден-ақ көруге болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер