Үкіметте Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары бекітілді. Жаңа құжат негізгі бағыттары толықтай орындалған 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының жалғасы болмақ. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, стратегияны әзірлеу барысында әлемдегі дамудың жүзден аса халықаралық процесі зерттелген. Жаңа жоспарға сәйкес, экономика өсімінің қозғаушы күші жеке сектор болмақ. Бұл үшін елімізде инвестицияларды ынталандырудың қосымша құралдары енгізіліп, бизнес жүргізудің әкімшілік кедергілері жойылады. 2025-ші жылға дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерге сай қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін экономиканың сапалы әрі қарқынды дамуына аса басымдық берілген. Негізгі жеті бірдей реформадан тұратын стратегиялық жоспар білімнен бастап құқықтық мемлекетке дейінгі салалардың барлығын қамтып отыр. Жалпы сарапшылар  жаңа бағдарға оң бағасын беруде.

РАҚЫМ ОШАҚБАЕВ, «ТАЛАП» ҚОЛДАНБАЛЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Елбасы атап өткендей ішкі жалпы өнімнің артуы ол тек жалпылама көрсеткіш болғандықтан, бізге экономикалық өсімнің сапасын таныта қоймайды. Ал 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары негізінен инклюзивті экономиканың жетілуіне басымдық береді.  Бұл даму көрсеткішінен халықтың әл-ауқатының жақсаруы анық байқалады деген сөз. Сондықтан жаңа стратегия осындай нақты өлшемдерге бағытталған.

ЖАҚСЫБЕК ҚҰЛЕКЕЕВ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭКОНОМИКАНЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ:

- Бұл құжатта адам капиталын жетілдіріп, дамыта түсу мәселесіне басымдық берілуі бекер емес. Өйткені қоғамның тұрақты әрі қарқынды өсуі негізінен білім мен білікті мамандарды, және адамның әлеуетін дұрыс пайдалануға, сондай-ақ, жастардың толеранттылығына тікелей байланысты.

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер