Импортты алмастырып, отандық өнімнің үлесін арттыру. Бұл орайда тау-кен саласының әлеуеті зор. Жер қойнауының байлығын кәдеге жаратып жүрген кеншілер биылдың соңына дейін қазақстандық мазмұнды 67 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Теңгеге шаққанда шамамен 950 млрд. Бұл – өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметті қоса есептегендегі көрсеткіш. Бір ғана «Қазақмыс» компаниясы өткен 10 айдың ішінде жалпы бағасы 120 млн АҚШ доллары болатын 3 тонна алтын шығарған. Ол Балқаш пен Астанадағы алтын өңдеу зауыттарына жіберілді. Өйткені арнайы қаулымен олардың экспортына тыйым салынған.

РУСТАМ ӘДІЛХАН – «ҚАЗАҚМЫС КОРПОРАЦИЯСЫ» ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Егер де 2009-шы жылы өнімдеріміз бен көрсетілген қызмет түрлерінің қазақстандық үлесі 36 пайызды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 74 пайыздан асып түсті. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып, отандық мазмұнды артыратын боламыз. 

Кешенді саланың жетістіктері мен мәселелері «Қазақстандық өнім жасаймыз» деп аталатын форум аясында сараланды. Дәстүрлі жиын  тау-кен металлургиясы саласындағы 70-тен астам отандық компания өкілінің басын қосты. Барлығы 600 делегат қатысып, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаудың тың жолдары қарастырылған жиында өзімізде жасалған өнімді сыртқа экспорттау жағын да сөз етті.

НИКОЛАЙ РАДОСТОВЕЦ, «ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КӘСІПОРЫНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ЗТҰ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізде биылдыққа әзірге үш-төрт пайыз өсім бар. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда жыл соңына дейін өнімділікті бес пайызға дейін жеткізудің мүмкіндігі бар. Тіпті шетелге көмір экспорты 4 млн. тоннаға арттып отыр. Бұндай бұрын-соңды болмаған. Болашақта көмір мен қатар өзге де қазба ресурстарын сыртқа тасымалдауды ұлғайтпақпыз. Қазақстанда кокс химиясын дамыту жоспарлануда.   

Дәстүрлі форум осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Әдеттегідей жиын аясында көрме ұйымдастырылып, әр кәсіпорын өздерінің игі бастамаларымен бөлісіп, ұсынатын қызметтерінің жаңа түрлерін таныстырды. Жалпы, үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айының қорытындысы бойынша тау-кен саласында шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет 11,3%-ға артқан. Мамандар келер  жылы қазақстандық үлес тағы үш пайызға өсім көрсететінін болжауда.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер