Қазақстан Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайта бермек. Еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Лондонға жасаған сапарында осылай деді. Іссапар барысында министр бірқатар британдық компаниялардың басшыларымен кездесті. Сондай-ақ Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуразиялық кеңесі консультативтік кеңесінің жыл сайынғы отырысына қатысты. Тәуелсіз талдау орталығы – Орталық Азия елдерінің дамуы мен олардың еуропалық мемлекеттермен қарым-қатынасын зерттеуге мамандандырылған. Орталықтың мүшелігінде Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланысты қолдайтын беделді саясаткерлер мен дипломаттар бар.

БЕНИТЕС ФЕРЕРО-ВАЛЬДНЕР, КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСТІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Қазақстан–Еуразия жүрегінде. Жаһандану кезінде сіздің елдің мәртебесі жоғарылап, маңыздылығы артып келеді.

«Чатам Хаус» халықаралық қатынастар Корольдік институтында сөз сөйлеген Сыртқы істер Министрі келер жылдың қаңтарында болатын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басым бағыттарын тілге тиек етті. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларының орындалысына тоқталды.  

РОБИН НИБЛЕТТ, «CHATHAM HOUSE» ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз орталық ел деп атайтын Қазақстанның келешекке қойған мақсаттарымен таныстық. Сіздің ел Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне,  халықаралық терроризм және экстремизмге қарсы тұру іс-қимылдарына ерекше назар аударады. Бұл – қуантарлық жағдай.

Осы сапарда Қайрат Әбдірахманов британ Парламентінің Қазақстанмен қарым-қатынасы жөніндегі Жалпыпартиялық топтың мүшелерімен кездесті. Отырыста депутаттар Қазақ-Британ қатынастарының даму қарқынына жоғары баға беріп, бұдан кейін де  түрлі жобаларды бірлесіп атқаруға қолдау жасайтындықтарын жеткізді. 

БОБ СТЮАРТ, ҚАЗАҚСТАНМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖӨНІНДЕГІ ЖАЛПЫПАРТИЯЛЫҚ ТОПТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Халықаралық бизнес қауымдастықтың Қазақстанға деген қызығушылығы өте жоғары екенін ерекше айтқым келеді. Сіздердің керемет елордаларыңыз бар. Және жақын арада Астанамен аттас халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Бұл – керемет!

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Сума Чакрабартимен болған кездесуде мемлекет пен жеке сектор арасындағы біріккен жобалар санының көбейіп, Қазақстанның аймақ пен әлемдегі маңыздылығы артқандығы туралы айтылды. Еліміздің экономикасына инвестиция салу және жаңа өндірістердің ашылуы «Independent Power Corporation» және «United Green» компанияларының басшыларымен болған жекелей кездесулерде талқыланды.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Ұлыбритания БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыр. Бұдан өзге, біздің елімізде Елбасының бастамасымен іске асып жатқан саяси, экономикалық жаңғыру, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында да әріптестік тереңдейді.

Сыртқы істер Министрі Ұлыбританияда білім алып жатқан студенттермен де кездесті. Қайрат Әбдірахманов білімді жастардың алдында мемлекетіміздің барлық салаларын жаңғырту бойынша стратегиялық міндеттер тұрғанын атап көрсетті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер