Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін жалғастыруда. Еліміз халықаралық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға қатысты өз ұстанымдарын білдіріп қана қоймай, игі бастамаларымен де танылып отыр. Мысалы, адам саудасымен күреске арналған отырыста Қазақстан осы мәселеде халықаралық, аймақтық ұйымдармен ынтымақтастықты күшейтуге шақырды. Еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің бірінші орынбасары Барлыбай Садықов бүгінгі күні адам саудасы халықаралық қауымдастықтың алдында тұрған аса өзекті қауіп-қатерлердің бірі деп атады.

БАРЛЫБАЙ САДЫҚОВ, БҰҰ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз адам саудасымен күресте ауқымды жұмыстар атқарып жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Африка одағы, Араб мемлекеттері лигасы және басқа да аймақтық ұйымдармен әріптестікті күшейтуіміз керек. Қазақстан 2014-2018 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы арқылы ТМД-мен және адам саудасымен күрес жөнінде Альянспен  жұмыла әрекет  етіп  отыр. Сонымен қатар, біз Алматы процессін бастауды ұсындық. Бұл көші-қон саласы және босқындарды қорғауда әріптестік орнатуға арналған өңірлік алаң.

Бүгінде Қазақстан дипломатиясы мен бейбітшілік егіз ұғымға айналды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдары тұрақты емес мүшесі ретінде де Қазақ елі бейбітшілік миссиясын белсенді түрде жүргізіп келеді. Бұл Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясы Таяу шығыс елдерін зерттеу орталығының директоры Тан Чжичаоның пікірі. Сарапшы Астана процесінің де Сирия дағдарысын реттеуде көп жағымды әсері болғанын айтады.

ТАН ЧЖИЧАО, ТАЯУ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуде белсенділік танытып келеді. Мәселен, Сирия дағдарысын реттеуде  үлкен еңбек сіңірді. Сәл ертеректе Иранның байытылған уран мәселесінде үлкен істер атқарды. Жалпы Президент Н.Назарбаев ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің құрылуынан бастап, қай-қайсын алып қарасаң да Қазақстан дипломатиясы әлемді бірлікке, бейбітшілікке үндейді. Сондықтан Қазақстан дипломатиясы мен бейбітшілік егіз ұғымға айналды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер