Ұлтаралық бірлік пен ынтымақты нығайтуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосты. Ыстамбұлда «Түркітілдес мемлекеттердің бірлігі» тақырыбы аясында өткен жиында Еуразиялық стратегиялық зерттеу орталығының сарапшылары осындай пікір айтты. Түркітілдес мемлекеттердің бірлігіне арналған кеңес  аптасына бір рет өтіп тұрады. Бұл жолғы басқосуда Қазақстан басшысының интеграциялық бастамаларының маңыздылығы туралы айтылды.

ІЛИЯС ТОПСАКАЛ, ЫСТАМБҰЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Соңғы жылдары, атап айтқанда 10 жыл көлемінде Қазақстан экономикалық, әлеуметтік һәм саяси тұрғыда халықаралық аренада және аймақтағы беделі күрт артты. Бұл оның түркітілдес мемлекеттер арасынан суырылып алға шығып, интеграциялық үдерістердің бастамашы рөл атқаруына мүмкіндік берді. Мәдени ықпалдастықты күшейтуге бағытталған саяси қадамдарын жоғары бағалауға болады. Түркі кеңесі, ақсақалдар кеңесі, ТүрікПА сынды іргелі ұйымдар Қазақстанның ұсынысымен құрылды. Бұл әлбетте, Қазақстан көшбасшысының пайымды шешімі мен көреген саясаты деп білемін.

Сарапшылар еліміздің латын әліпбиіне көшу бастамасына қолдау білдірді. Олар «Қазақстандағы әліпби реформасы ұлттың рухани жаңғыруына сеп болады» деген түйінге келді. Сонымен қатар, түркітілдес елдер ішінде латынмен таңбалайтын Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан сынды елдердің қатарынан табылуын жақсылыққа балады.   

ӘБДІУАҚАП ҚАРА, ТАРИХШЫ:

 - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесіндегі мәдени ынтымақтастықты қамтамасыз ету барысында үлкен қадам жасады. Ол 26-шы қазанда латын әліпбиін қабылдау. Бұл менің ойымша, Қазақстан үшін жасалған үлкен қадам. Түркі дүниесінің ынтымақтастығы мен қазақ тілі және мәдениетінің қарыштап дамуы үшін жасалған үлкен қадам болды. Тек бауырлас елдер арасында ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін емес, бұл сонымен қатар Қазақстанның техникалық тұрғыдан, ғылыми тұрғыдан дамуы үшін серпін беретін үлкен қадам.

Түрік сарапшылары жиын соңында латын әліпбиін енгізу қазақ тілінің қолдану өрісін кеңейтіп, мемлекеттер арасында дәрежесін артыра түсетініне сенім білдірді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер