Туысы сапарға шығарда «Досың қазақ болсын» деп бата беретін өзбекті қазақ «өз-ағам» деп сыйлайды. Түбі бір бауырлас халықтың елімізді мекен еткен өкілдері осыған куә, жергілікті қауымның өздеріне деген жылы лебізін сезінеді. Бірлігі жарасқан көп ұлтты мемлекетімізде әрбірінің төл тарихы, мәдениеті мен өнері құрметтеліп, насихатталуына шектеу жоқ. Оның бір белгісі – алдағы айда өзбек ұлттық киім үлгілері Мәскеуде өтетін этносән байқауында ұсынылады. Еліміздегі өзбек дизайнерлері өз дәстүрін Қазақстан Халқы Асамблеясының атынан таныстырмақ.

ИХТИЕРА ХОДЖАЕВА,  ДИЗАЙНЕР, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан халқы – үлкен жанұя. Бізге мұнда жан-жақты жетіліп, төл мәдениетімізді жаңғырту үшін барынша жағдай жасалып отыр. Біз Ресейде өтетін байқауда 2 топтама ұсынамыз. «Өткен күндер» деп аталатын алғашқы топтама өзбектің дәстүрлі киім үлгілерімен таныстыруға бағытталған. Олар негізінен қарт адамдарға ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған. Сондай-ақ, күнделікті өмірге, салтанатты жиындарға жарайтын ұлтық нақышта безендіріліп, заманауи мәнерде пішілген туындылардыда көрсетеміз.

Жастайынан шеше көріп, тон пішкен Ихтиера Ходжаева әуестігін Қазақстанға келіп дамытқан. Елордалық өзбек этномәдени орталығындағы концерттік костюмдердің ұлттық нақышқа жанаспайтынын байқап, тігінші анасы үйреткен қолөнершілікке бет бұрады. Міне, осымен 10 жыл бойы туған халқының дәстүріне сай келетін туындыларды дүниеге әкеліп жүр.

ИРОДА МҰХАМЕДЖАНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ХОРЕОГРАФЫ:

 - Ихтияр апайдың қолөнер шеберлігін үйрену арқылы өзіміздің өте көп салт-дәстүріміз әжелеріміздің қолөнерлерін үйренуге тырысып, олардың қыр-сырын біліп жатырмыз. Өзбек ұлттық киімдері тек Ташкенттік емес, Бұхара, Хорезм, Сұрхан түрлерінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Солардың қыр-сырын үйреніп, өзіміздің қолымызбен тігіп, өзіміз безендіру жұмыстарын үйреніп жатырмыз.

Шебер біліп-түйгенін өзгелерге  үйретіп, ізін басатын шәкірт тәрбиелейді. Он саусағынан өнер тамған Ихтиера Ходжаеваның шеберлік сабақтары   елордадағы «Шығыс арулары» мектебінде берілетін оқу бағдарламасына кірістірілген.

МҰХТАРАМ МАМАДАЛИХАНОВА:

 - Мұнда бізді жас қыз-келіншектерді келешектегі өмір сүруімізге, келін болуға, ана болуға, бір отбасының жас басқарушысы болуға үйретеді. Онда қыздармен әр жексенбі сайын сабаққа барып тұрамыз. Онда бізді күнделікті үй жұмыстары мен гинеколог маслихаттарын сол сияқты бізге маңызды болған сабақтарды береді. 

Нәзік жандыларға арналған тәлім-тәрбие ошағын Астана қаласының Өзбек этномәдени  орталығының аналар кеңесі құрыпты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер