Германияда халықаралық «Астана» қаржы орталығының тұсаукесері өтті. Шара Еуропаның танымал инвесторлары мен қаржыгерлері жиналған Франфурктегі экономика аптасы аясында ұйымдастырылды. Қатысушы компанияларға орталықтың негізгі қызметі мен болашаққа жоспары баяндалды. Оның басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлім еткендей, жаңа мекеме Нью-Йорк, Лондон, Сингапур, Дубай сынды мемлекеттердің үздік тәжірибелерін қолданып, ағылшын құқығының қағидаттары мен нормалары аясында жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықта қатысушыларға жеңілдетілген салық пен еңбек және визалық тәртіп қарастырылған.  

КАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, АХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - 1 қаңтардан бастап «Астана» Халықаралық қаржы орталығы компанияларды тіркеу жұмысын қолға алады. Орталықты іске қосу үшін Конституцияға өзгертулер енгізіліп, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы заң қабылданды. Енді келесі жылдан бастап, инвестиция тарту операциясын белсенді түрде бастауды жоспарлап отырмыз. Біз үшін Еуропадағы үздік биржа Дойче Börze және Дойче Банк, Коммерц банк институттарымен ынтымақтастық орнату - аса маңызды.

Тұсаукесерден соң талқылаулар панельді пікірталаста жалғасын тапты. Германияның үздік қаржы институттарының басшылары өз қызығушылықтарын жасырмады. Олардың айтуынша, Астана қаржы орталығының Орталық Азиядағы көшбасшыға айналуына барлық мүмкіндіктері бар. Заманауи тәсілдер мен экономиканың дегитализациясы Қазақстанға көптеп шет елдік инвесторлар тартуға көмек бермек.

ПЕТЕР ТИЛЬС, DEUTSCHE BANK ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ЕУРОПА БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОР:

 - Қазақстандық мекеме Франфуркттың қаржы орталығымен әріптестік орнатуы мүмкін. Неміс инвесторлық компаниялары Қазақстанның ауқымды банктерімен жұмыс істеп, пайда табады деген сенімдемін. Нәтижесінде банк секторында жаңа инновациялық қызметтер мен тауарлар пайда болуы мүмкін.

КЛАУС МАНГОЛЬД, ROTHSCHILD БАНКІ ҚАДАҒАЛАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - АХҚО – Қазақстанның даму болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Енді тек қазақ елі үшін ғана емес, Азияның бизнес қауымдастығы үшін мықты негіз қалыптасады. Менің ойымша, АХҚО-ның жақын арада белсенділік танытуы маңызды болмақ. Сонымен қатар, ЕЭО пен Кедендік Одақтың мүшесі болған Қазақстан үшін жұмысшылардың біліктілігі мен ресурсын арттыруға мол мүмкіндік береді.

Еуропалық сарапшылар «Астана» қаржы орталығы Қазақстан үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімді. Елдің жалпы ішкі өнім көрсеткішін арттырып қана қоймай, экономиканы заманауи және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ететінін ерекше атап өтті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер