Германиядағы Қазақстан экономикасының апталығы аясында Мюнхенде келелі кездесу өтті. Басқосуға Германия мен Шығыс Еуропаның кәсіпкерлері жиналды. Ішінде 300-ден аса кәсіпорын өкілдері бар. Басқосуда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігі де таныстырылды. Kazakh Invest өкілдері елімізде бизнесті қолдау үшін қолға алынған мемлекеттік шаралар мен реформалар жайлы баяндап берді. Неміс кәсіпкерлері қазақстандық нарыққа қызыға қарайтынын жасырмайды. Өйткені бізде шетелдік инвесторлар мен бизнесмендер үшін кедендік және салықтық жеңілдіктер қарастырылған әрі оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Делегаттардың айтуынша, мұның бәрі Қазақстанды тартымды ете түседі.

МИХАЭЛЬ ХАРМС, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ШЫҒЫС КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінде сіздің елдің әлемдік сахнадағы ролі артып отыр, бұған қоса әлемге әлеуетін де танытып келеді. Қазақстан өкілінің сөйлеген сөзінен өнеркәсіптегі инвестициялық мүмкіндіктер туралы көп ақпарат алдық. Меніңше, бұл жағдай қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Біз ортақ ірі жобаларды күтеміз. Жуырда Сочиде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бизнес-диалог жүргіздік. Сол әңгімеміз желтоқсан айында қайта жалғасады деп ойлаймын. Біз Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен сеніммен қараймыз.

Аты әлемге танымал неміс концерндерінің көбі Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ құрылыс материалдарының ең ірі өндірушілері де біздің елді жұмыс үшін қолайлы деп тапқан. Қазақстанға алғашқылардың бірі болып инвестиция құйған компания басшылығы болашақта елімізде жаңа зауыттар салуға ниетті екенін жасырмайды.

НИКОЛАУС КНАУФ, ИНВЕСТОР, KNAUF GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ БІРГЕ ИЕМДЕНУШІСІ:

 - Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанымызға біраз болды. Мен қазақ еліне инвестиция салу керектігін сол кезде түсінген едім. Кейін ол жайлы өкінген де емеспіз. Өйткені Қазақстанның экономикасы ашық. Біз тауарларымызды импорттамаймыз. Қазақстанда жергілікті ресурстардан өнім өндіреміз. Кәсіпорнымызда қазақстандықтар жұмыс істейді. Біз енді алдағы уақытта Қазақстанның батыс өңірлеріне қаржы құюға ниеттіміз.

Германиядағы Қазақстан экономикасының апталығы аясында осындай кездесулер Франкфурт, Бремен мен ГаннОверде жоспарланған. Сөйтіп, Германияның барлық өңіріндегі кәсіпкерлер еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері жайлы біле алады. Осындай кездесулердің арқасында бизнес әріптестік кеңейіп, іскерлік байланыстар жылдан жылға нығайып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер