Қазақстан туристер үшін тартымды. Лондонда өткен Дүниежүзілік туристік көрмедегі қазақстандық экспозицияға келушілердің саны осыны аңғартты, дейді шараға қатысқан отандық компаниялардың өкілдері. Өзге мемлекеттердің туристік агенттіктері қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты Ұлытау сияқты орындарды саяхат бағыттарына енгізуге ниетті.

ГҮЛНАР КЕНЕЕВА, «KAZAKH TOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазір жер-жаһанды кезуді ойлаған туристер жаңа бағыттар бойынша саяхаттағысы келеді. Сондықтан мұндай көрмеге қатысу біздің ел үшін өте маңызды деп ойлаймын.

БАХТИЯР ҚОЖАХМЕТОВ, «ҰЛЫТАУ» ҰЛТТЫҚ-ТАРИХИ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ҚОРЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ұлытау өзінің тарихында бірінші рет мына дүниежүзілік деңгейде көрмесін әкеп, көрсетіп жатыр. Осыдан кейін Ұлытауға көптеген туристер келеді деп сенеміз.

Ұлттық киім киген музыка шеберлері қобыз бен жетігенде қазақ халқының ұлттық және шетелдік шығармаларды ойнап, келушілердің құлақтарының құрышын қандырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристік ұйымдар көргендеріне тәнті болып, тұтынушыларына айтулы бағытты ұсынатындықтарын жеткізді.

ЭЛВИН ДКРУЗ, ТУРИСТІК ҰЙЫМ ӨКІЛІ /ШВЕЙЦАРИЯ/:

 - Мен әрине өзгелерге сіздерге саяхаттауды ұсынатын боламын. Өте қауіпсіз және заманауи ел. Мәселен, Астананы Дубаймен салыстыруға болады. Егер сізді сәулет өнері қызықтырса, көлемі мен пішіні таң қалдыратын керемет ғимараттарды көретін боласыздар.

Көрмеде Алматы туристік индустриясын паш еткен өз алдына бөлек стенд те қойылды. Келушілер қаланың туристер арасында танымал көрнекі орындарымен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

АЙОМИ КЕСОВИК, ТУРИСТІК ҰЙЫМ ӨКІЛІ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

 - Мен Қазақстан мен оның адамдары туралы тамаша пікірдемін. Елдеріңізге баруға асықпын. Мен ешқашан онда болған емеспін, бірақ ойымда бар.

Дүниежүзілік туристік көрме Лондонда 37 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жаһандық шара барысында әр елден келген туристік компаниялар 5 мың бағыт бойынша саяхат түрлерін ұсынады. Шараға атсалысқан қазақстандық делегация сондай-ақ, Дүниежүзілік туристік ұйымының министрлік саммитіне және Инвестициялық симпозиумға қатысып, туризм саласы кәсіпқойлары арасында Ұлы дала елінің туристік әлеуеті туралы айтып берді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер