Индустрияландыру бағдарламасының аясында қолға алынған жобалар аймақтардың дамуына тың серпін берді. Бір ғана Ақмола облысында индустрияландыру картасына 782 млрд теңгенің 90 жобаcы енгізілген болатын. Бұл меже бүгінде шамамен 70 пайызға орындалды.

Ашылғанына небары екі ай болған жергілікті цемент зауыты осы уақытта 50 мың тонна өнім өндірген. Кәсіпорынның жылдық қуаты болса, жылына 2 млн тонна цемент шығаруға жетерлік. Бүгінде жаңа өндірісте 600 маман еңбек етіп, қазақстандық индустрияландыруға үлесін қоса бастады.

Степногорск қаласының маңындағы «Қазақалтын» кәсіпорнына тиесілі 3 бірдей кен өңдеу фабрикасы да аймақтың іргелі өндіріс нысандарына айналғалы тұр. Мұнда жылына бас-аяғы 7 млн тонна кенді өңдей алатын өндіріс ошақтары іске қосылады. Ақсу кентінің жанындағы осындай фабрикалардың бірінің қазір құрылысы аяқталуға жақын. Ол Елбасының қатысуымен өтетін телекөпір барысында салтанатты түрде ашылмақ.

ДАНИАЛ НӘБИЕВ, КӘСІПОРЫН БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Бұл кәсіпорынның ерекшелігі, ол «ҚазақАлтынның» қалдықтарын кәдеге жаратады. Яғни, содан доре құймасын аламыз. Бұрын технологияның мүмкіндігі жетпеген соң, кен толықтай өңделмейтін. Ал, жаңа қондырғылар бұған кеңінен мүмкіндік береді. 

Ақмола облысында былтырдан бері лифттер мен эскалаторлар да шығарылып жатыр. Отандық өндіріс үшін жаңа бағытты меңгерген зауыт Астана қаласының іргесіндегі Қосшы ауылында орналасқан. Өндіріс ошағы жылына 2 мың дана лифт, 300 эскалатор шығара алады. Ақырғы өнімдегі қазақстандық құрам 60 пайыздан асады.

АҚБЕРДІ АҚТАЙ, ЗАУЫТ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Жұмыс істегенімізге үш жыл болды. Осы қысқа уақыттың ішінде атқарылған жұмыс көп. Біз үшін ең маңыздысы ЕХРО-2017 көрмесі болды, үш айдың ішінде 77 лифт және 8 эскалатор орнаттық.

Ақмола облысындағы жүк көліктерін құрастырушы «КАМАЗ Инжиниринг» 2005 жылы мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған. 12 жылда автокөлік техникасының 38 базалық моделі меңгерілді. Биылғы он айда кәсіпорын 700-ден астам техника құрастырған. Алдағы уақытта зауыт жылына 3 мың данаға дейін көлік шығаруды көздеп отыр.

Жалпы, Ақмола облысында 2010 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша 160 млрд теңгенің 74 жобасы жүзеге асырылған. Енді аймақ алдында тағы 26 жобаны алдағы 2 жылдың ішінде іске қосу міндеті тұр. Ол кезде тағы 5 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер