Қазақтың ұлттық сусыны - қымыз Украина халқының да үлкен сұранысына ие бола бастады. Оның емдік ерекше қасиетін бүгінде жергілікті тұрғындар түсініп, тапсырысты ұлғайтыпты. Киев маңындағы жылқы зауыты күніне жүз литр қымыз дайындайды. Бұл ат зауыты осыдан 13 жыл бұрын бой көтерген. Бүгінде елдегі ең ірі шаруашылық жүзге жуық жылқы ұстайды әрі тәулік бойы қымыз саудасын қыздырып отыр.  

АНАТОЛИЙ КРАМОР, ЖЫЛҚЫШЫ:

 - Қолдағы жылқыларға тек таза тамақ: құнарлы шөп, бидай дәнін береміз. Жаз кезі жасыл жайлауда бағылады. Ат қораны үнемі таза әрі құрғақ ұстауға тырысамыз. Жылқы  малы тазалықты жақсы көреді.

Қымыз ашытудың хас шебері Алена сусынның емдік қасиетіне қанық. «Қымыздың қадірін біле бастаған қарапайым жұртшылық оны алыс-жақын жерлерден арнайы іздеп келеді», - дейді маман. Емдік сусын деп бағаланатын бұл өнім түрі бүгінде Украинаның емдеу мекемелеріне де жеткізілетін болған.

АЛЕНА БАРАНЧУК, ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫНЫҢ МАМАНЫ:

 - Қымыз – ешқандай химиялық қоспасы жоқ, экологиялық таза өнім. Жылқы сүтіне деген сұраныс соңғы кезде күрт артқан. Жергілікті тұрғындар алыстан, елдің басқа облыстарынан іздеп келеді. Коклюш сияқты жөтел ауруы мен өкпе ауруына шалдыққандар үшін қымыздың шипасы мол. 

Бие байлап, қымыз ашытып отырған ат шаруашылығы емдік сусынның өндірісін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Олар «қымыз терапиясын» қолға алмақ. Бұл дегеніңіз ел аумағындағы емдік демалыс орындарында қымызды кеңінен дәріптеу.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер