Қазақстан мен Африка құрлығы арасындағы әріптестікті бекемдеу әрі озық тәжірибелермен бөлісу. Астанада үш күнге жалғасқан «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша ғаламдық сипмозиумының мақсаты осы болды.  БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан қызметінің бір басымдығы – Африка дамуына қолдау көрсету. Елордадағы жиында жергілікті сарапшылар мен Африканың қырықтан астам елінен келген мамандар қос құрлықтағы экономикалық мәселелерді шешу жолдарын саралады. Отырыста келтірілген мәліметке сәйкес, Африка экономикасы 2015-ші жылдан бері  үш пайызға құлдыраған. Негізінен шикізат есебінен күн көретін елдер үшін Қазақстанның индустрияландыру, экономиканы модернизациялау, мемлекеттік қызметті жетілдіру, құрылымдық трансформация тәжірибелері аса қызықты.

АЙОДЕЛЕ ОДУСОЛА, БҰҰ ДБ АФРИКА ЕЛДЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК БЮРОСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Африканың көп елдері шикізатқа тәуелді. Бүгінде оның бағасы төмендегендіктен, олар даму саласындағы жобаларын жалғастыра алмай отыр. Қазақстаннан алатын алғашқы сабағымыз келесіде: сіздің ел экономиканы трансформациялап, индустрияландыруды табысты өткізіп, шикізатқа тәуелділіктен арылуда. Сондай-ақ адами капиталға инвестициялау және кедейшілік деңгейін 40 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендету саласындағы тәжірибелеріңіз де аса қызықты.

ЕРЖАН АШЫҚБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Оңтүстік-Оңтүстік деп аталатын ынтымақтастық жүйесі аясында мемлекеттеріміздің бір-бірінің тәжірибесін үйрену, Қазақстанда өткізіліп жатқан реформалардың тәжірибесімен бөлісу, сондай ақ Елбасы Н. Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жасаған үндеуінде көрсетілген 7 басымдықтың бірі ретінде біз Африка дамуына қолдау көрсету мәселесін айқындаған болатынбыз. Сол басымдық аясында жасалып жатқан жұмыс.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер