Әлемдегі алғашқы шапшаң нейтронды БН-350 реакторы қолданыстан шығарылмақ. Бұл үрдістің қалай жүзеге асырылатындығын «ҚазАтомӨнеркәсіп» өкілі Валерий Варанкин болашақ ядролық физиктерге арналған дәрісте сөз етті. Оның айтуынша, бұл реактор осыдан 45 жыл бұрын іске қосылған. Яғни Қазақстан мұндай құрылғыны қолданысқа енгізген алғашқы ел болды. Ақтауда орнатылған БН-350 үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істеді. Жылу қуатын шығару, электр тоғын өндіру және суды тұщыландыру. Қондырғы Шевченко қаласына тәулігіне көлемі 120 000 текше метр тұщы су жеткізген. Қазіргі таңда мұндай қондырғыларды орнатқан елдер Қазақстанның тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Дәріс барысында реакторды пайдаланудан шығарумен қатар, оны қауіпсіз сақтау мәселесі де сөз болды.

ВАЛЕРИЙ ВАРАНКИН, «МАЭК-ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Біздің шапшаң нейтронды реакторларды пайдаланудан шығару тәжірибеміз жоқ. Оны енді ғана жинақтай бастадық деуге болады. Қолданыста болған кезде реактордың Ақтау қаласының тұрғындарына ғана емес, ғылыми қызметкерлерге де айтарлықтай пайдасы болды. Өйткені оның арқасында көптеген ғылыми зерттеулер жасалды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер