Қазақстанның даму қарқыны елеулі. Елордада өткен Астана клубының үшінші отырысында шетелдік меймандар осындай ойларымен бөлісті. Олар елдің қалыптасу кезеңін еске түсіріп, қазіргі таңдағы жетістіктерін оң бағалады. Бірі елімізді Орталық Азияның гүлденген орталығына баласа, енді бірі бітімгер-мемлекет деп атады. Айту керек, 27 елден 60-тан астам адам жиылған отырысқа бұрынғы мемлекет басшылары да қатысты. Меймандар тізімінде Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк, Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Клаус пен 2007 және 2014 жылдардағы Түркия мемлекетінің басшысы Абдулла Гүл болды.

АБДОЛЛА ГҮЛ, ТҮРКИЯ МЕМЛЕКЕТІНІҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мемлекеттің құрылған кезінен бастап қабылданған шешімдер елдің даму жолында маңызды рөл атқарды. Мен өз баяндамамда Қазақстанның Азиядағы даму мен гүлдену орталығына айналу барысына тоқталдым. Экономикалық өсім, мұнай өндіруден түсетін дивидендтерді дұрыс пайдалану және логистиканы дамытудың арқасында Қазақстан маңызды экономикалық хабқа айналуда. 

ВАЦЛАВ КЛАУС, ЧЕХИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен Астана салына бастаған кезде ғана көрген болатынмын. Енді оның көркейгенін, танымастай өзгергенін көріп отырмын.

Бұл жолы Астана клубының отырысында талқыланған мәселе аясы кең. Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, дамуды ынталандыру, мемлекеттердің өзара әріптестігін нығайту. Елордадағы жиынның маңызы жыл санап артып, беделді пікірталас алаңына айналып отыр.

ИВАН ТИМОФЕЕВ, РЕСЕЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСІНІҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл – Астана клубының осымен үшінші отырысы. Жиын дәстүр бойынша ашық пікірталас алаңына айналды.   Әр түрлі пікірлер тыңдалды. Көптеген мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырдық. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер