«Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» кітабы қытай тілінде жарық көрді. Шығармада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым болат қорытушыдан бастап, Қазақстан президентіне дейінгі өмір жолы жазылған. Түпнұсқасы ағылшынша жарық көрген кітап бұған дейін қазақ, орыс, араб, түрік, корей және хорват тілдеріне аударылған. Бейжіңдегі салтанатты шараға Лондоннан арнайы келген кітап авторы Джонатан Айткен қызықты мәліметтермен бөлісті. Оқырман сұрағына жауап берді.

ДЖОНАТАН АЙТКЕН, КІТАП АВТОРЫ:

 - Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 60 жыл бұрынғы мектеп оқушысы кезіндегі әдемі естелігін айтып беріп еді. 1957 жылы Қаскелеңдегі мектепке Қытайдан бір оқушы хат жазады. Менімен кім хат алмасып танысқысы келеді деген. Бірақ көпшілігі оған күмәнмен қарайды. Қазақстанның бұл мемлекетпен қарым-қатынасы жоқ. Сол кезде бүкіл мектептегі 250 баланың ішінен 17 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев суырылып шығып: «Жауап жазамын»,- дейді. «Неге?» деген сұраққа, «мен Қытайды жақынырақ білгім келеді», деді.

Автор, бала Назарбаевтың арманы орындалып Президент болғанда да Қытай мемлекетін жақыннан танығанын айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары екі ел арасындағы қаншама қиын мәселелерді реттеді. Сол кезеңдегі Қытай Төрағаларымен тең сөйлесіп, шебер дипломатия нәтижесінде шекара мәселесін бейбіт шешті, дейді.

ЦЗЯН ЧЭНЦЗУН, ҚЫТАЙДЫҢ БАРБУДА ЖӘНЕ АНТИГУАДАҒЫ БҰРЫНҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Кітапты қытай тіліне аудару барысында мен өзіме үлкен сабақ алдым. Маған іргедегі мемлекет пен оның Президенті үлкен әсер қалдырды. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында биік белестерді бағындырды. Сондықтан мен бұл кітапты барлық адамның оқып, Президенттің өмірінен ғибарат алса екен деймін. Бұл кітап оқырманның қабылдауына өте ыңғайлы жазылған, дәстүрлі жазу стильде емес, қызықты тұстары өте көп.

Кітап тарихи оқиғалар, батыс саясаткерлерінің сұхбаттары және Президенттің жеке естеліктері бойынша жазылған. Құнды туынды 2009 жылы Батыста басып шығарылды. Ағылшын тілді оқырмандар арасында бірден танымал болды.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытайлық оқырмандар бұл кітаппен таныса отырып, Қазақстанның бүгінгі таңда қандай дәрежеге жеткеніне, қандай мемлекетке айналғанына көз жеткізері хақ. Қазақстанмен жақын танысуға мүмкіншілік алады. Ал мұның бәрі сайып келгенде екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуіне өзінің үлесін қосады деп есептейміз.

Бейжіңдегі Дяютай мемлекеттік резиденциясында өткен кітаптың тұсаукесеріне Қытай Сыртқы Істер министінің көмекшісі Ли Хуэйлай қатысты. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел ынтымақтастығын дамытудағы еңбегін ерекше атады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер