Латын әліпбиіне көшу арқылы төл тарихымыз жаңа деректермен толығады. 1929-40 жылдары елімізде барлық құжат айналымы латынша жазылған. Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі сондай тың деректерді жинақтап, көпшілік назарына ұсына бастады. Еңбек кітапшасы, түрлі марапаттар мен мандаттар, майдан даласынан жазылған хаттар. Бәрі де мұнайлы өңірдің өткенінен сыр шертеді.

МЕРЕКЕ КЕНДЕБАЕВА, МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Латын тіліндегі құжаттардың ең құндысы Шоқан Қаржауовтың 1942 жылы майданнан жұбайына жазған хаты болып табылады.

Латын тіліндегі осынау сарғайған құжаттарға аға буын өкілдері ерекше назар аударады. Өйткені, бұл буын - латын әліпбиінен кириллицаға көшуді бастарынан өткізген алғашқы қарлығаштар.

ТОЛЫБАЙ БАЗАРБАЕВ, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

 - Мен бірінші сыныпқа барғанда кириллицаға бірден көштік. Енді қазір алдымызға 8 жыл беріп отырғанына көшуге бұл оңайырақ болады деп есептеймін.

Бүгінгі жас буынға латын тілі жат емес. Себебі, компьютерді тізгіндеп, ағылшын тілін еркін оқитындар үшін бұл аса қиындық туғызбайды, дейді олар.

ЖҰМАГҮЛ САҒИТОВА, СТУДЕНТ:

 - 1929 жылы араб тілінен латынға көшу қиын болған екен. Бірақ қазіргі уақытта кириллицадан латын тіліне көшу оңай деп ойлаймын.

Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде латын тілінде толтырылған түрлі құжаттар енді жарыққа шығарыла бастапты. 30-40 жылдардағы өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлерге қызығушылық басым. Сол себепті обылстық музей арнайы көрме жасақтап сұрапталған құжаттарды көпшілік назарына ұсынуда.

АЙСАНА БАҒЫТЖАНОВА, ӨЛКЕ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Мұндай құжаттар біздің ғылыми қорымызда мыңдап саналады. Әсіресе, 1937 жылғы репрессияға қатысты құжаттарды жарыққа шығаратын болсақ, біз көптеген құнды деректерді ашамыз деген ойдамын.

Шынында да, «тарихи ақтаңдақтар» атанып келген қуғын-сүргін жылдарындағы құжаттарда талай шежіре жатыр. Осыны ескерген тарихшылар латын тілінде жазылған түрлі қолжазбаларды өңдеп, баспаға дайындауға кірісті. Еліміз латын әліпбиіне көшкен соң олар көпшілікке қолжетімді болары анық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер