Щучье-Бурабай курорттық аймағы туристерді жыл он екі ай бойы қарсы алуға қауқарлы. «FOUR SEASONS» атты тұжырымдамада көрікті өлкенің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. 20 жобадан тұратын бағдарлама Бурабайдың қысы-жазы жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді. Ал арнайы құрылған туристік-ақпараттық орталық аймақтың одан әрі танылуы мен қонақтардың Бурабай жайлы жан-жақты мәлімет алуына жағдай жасайды. Мысалы, өңірге келген әр шетелдік туристке «Көкше аңыздары» атты кітап табыс етіледі. Бұл – Бурабай жайлы естен кетпес естелік жасаудың бір жолы. Одан бөлек, EXPO-да өлке кеңінен таныстырылып, көрмеге келген меймандардың 80 пайызы Бурабайды арнайы тамашалапты. 

ШЫНАРБЕК БАТЫРХАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Араб әмірліктерінен келген қонақтар біздегі сұңқармен аң аулауға қызығып отыр. Себебі, оларда да саяхшылықтың осы түрі жақсы дамыған. Сондай-ақ, жапондықтар Бурабайдан түрлі әлемдік мерекелік іс-шаралардың өткенін көргісі келетіндіктерін айтты.

Енді аймақта жыл сайын ұйымдастырылатын «Қансонар» фестивалі бұдан былай Бурабайда өткізіледі. Одан бөлек, қысқы спорт түрлерінен өтетін түрлі сайыстар да осы өлкенің қыстыгүні де кісі қызығуына жағдай жасамақ. Қазірдің өзінде Бурабайға тек жаздыгүні ғана емес, күз бен қыста да келетіндер көбейе бастаған.

АЛЕКСАНДРА ПЯТОВА, ТУРИСТ /РЕСЕЙ/:

 - Біз тарихи орындарды өзіміз-ақ аралап шығуды жөн көрдік. Өз көлігімізбен жүрміз. Бурабайдың әсіресе, таза ауасы жанымызға рахат сыйлайды. Тынысымыз ашылып, денсаулығымыз түзеледі. 

Бурабайда қазір күніне 1 мыңға жуық мейманды қабылдай алатын 100 шақты қонақүй жұмыс істеп тұр. Олар да жыл он екі ай бойы қызмет көрсетуге әзір. Жалпы, Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасының үшінші кезеңіне Үкіметтен 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған. Мұның барлығы көрікті мекеннің қысы-жазы сұранысқа ие болуын қамтамасыз етпек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер