Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр кентінің маңында Ботай мәдениетіне тиесілі бүтін бір қоныс жатыр. Бұл туралы танымал тарихшы, археолог Виктор Зайберт мәлімдеді. Ғалымның айтуынша, енді бұл төңіректі толық зерттеу қажет. Қазірдің өзінде осы маңайдан 1 мыңға жуық жәдігер табылған. Тәжірибелі археолог сондай-ақ, Красный Ярдан жылқы мен қымыз музейін ашуды да ұсынып отыр. Себебі Ботай мәдениеті тұсында жылқы ең алғаш қолға үйретілген болатын. Айта кетейік, Виктор Зайберт, Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы мен археологиясы бойынша 100-ден астам монография мен ғылыми мақала жазған бірден-бір зерттеуші ғалым. Тарихшы Ақмола облысындағы 2 мыңнан астам археологиялық нысанның негізгі бөлігі Ботай мәдениетіне тиесілі дейді.

ВИКТОР ЗАЙБЕРТ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, АРХЕОЛОГИЯ ПРОФЕССОРЫ:

 - Бұл қоныстағы адамдар жылқы шаруашылығымен айналысқан. Аңшылыққа да жақын болған. Қазба жұмыстарын қаржы бөлінген соң бастаймыз. Жақында Қостанай қаласынан 200 шақырым қашықтықта Ботай мәдениетіне тиесілі тағы бір қонысты таптық. Мұндай ежелгі елдімекендер жалпы Қазақстан аумағында көптеп кездесуі мүмкін.

Ақмола облысының қойнауы сырға толы. Жақында өңірдің екі ауданынан ежелгі дәуірде өмір сүрген мамонттың сүйектері табылды. Жақсы ауданындағы Сандық өзенінің маңынан қазып алынған пілтұқымдас жабайы жануардың тістері мен мүйіздерін жергілікті тұрғындар байқап, археологтарға хабар берген. Ал Шортанды ауданына қарасты Жолымбет ауылының маңынан табылған сүйек сынықтарын құрылысшылар қойма салу барысында кездестірген.

ЕЛЕНА ШВЕДОВА, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ЭКОЛОГЫ:

 - Біз бұл сүйектердің пішініне қарап, қазіргі жануарларға ұқсамайтынын білдік те, бірден музейге тапсыру керек деп шештік. Себебі, бұл тарихи тұрғыдан өте құнды дүние. Ғалымдардың зерттеулеріне бір септігін тигізер деп ойладық.

ҚУАНЫШ ШАҚШАКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Екі ауданда табылған қаңқа бөлшектері бір дәуірге тиесілі. Шамамен 40 мың жыл бұрын мамонттардың сүйегі. Ал палеонтологтар көктемде келеді. Әзірге бұларды басқа да осыған ұқсас жәдігерлермен салыстырады.

Олжаның барлығы бүгінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер