Тағы бір қаржы институты Қазақстан экономикасының дамуына қатысты оң болжам жасады. Еуропаның қайта құру және даму банкі сарапшыларының пікірінше, ел экономикасы өсімінің көрсеткіші биыл 3,8 пайыз, ал 2018 жылы 3,5 пайыз деңгейінде болады. Бағалау қорытындысына әсер еткен басты факторлардың қатарында мұнай өндіру көлемінің артуы, көмірсутек бағасының қолайлы деңгейде сақталуы, нақты кірістер өсімінің қалпына келуі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік салаларындағы белсенділіктің артуы аталып отыр. Инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады және бұл болжам Қазақстан Ұлттық банкінің болжамымен сәйкес келеді.

Қазақстан экономикасының дамуына оң болжаммен шетелдік сарапшылар да келісіп отыр. Мысалы, Польша банкінің стратегия және талдау бөлімінің директоры Роберт Змейко Қазақстан экономикасына серпіліс әкелген шаралардың бірі ретінде ЕХРО көрмесін атады.

РОБЕРТ ЗМЕЙКО, ҚАРЖЫ МАМАНЫ /ПОЛЬША/:

 - Польша үшін Қазақстан бизнестегі маңызды серіктес екенін атап өту керек. Қазақстанда өткен ЕХРО сан салаға серпін беріп, маңызды қадам жасауға септігін тигізеді деп нақты айта аламын. Мәселен, халықарылық қаржы ұйымы арқылы, елдегі компаниялар Азия нарығына шығып, өз кәсіптерін жүргізе алады. Біз қаржы институты ретінде, әр саланы сараптап, Қазақстанның мол мүмкіндіктері бар екендігіне көзіміз жетті. Шетел кәсіпкерлері фабрикалар салып, компаниялар ашып жатыр. Бұл әрине экономикалық өсімге әкелері сөзсіз. 

Атап өтерлігі, өткен тоғыз айдың ішінде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 3,3 млрд АҚШ долларын құраған. Ал еліміздің резервтік активтері 32,2 млрд долларға бағаланып отыр. Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл тауар экспорты 31,1 пайызға ұлғайған. Бұл - 8 млрд АҚШ долларынан астам қаражат. Мұнай мен газ конденсаты экспортының құны 36,6 пайызға, ал қара және түсті метал экспорты тиісінше 59% және 21% артты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер